4.10.2017, 11:23
Оқылды: 17

Сырымдық ұстаздар құрметке бөленді

Ұстаздар күніне орай Жымпитыдағы «Аруай» мейрамханасында мұғалімдер балы өтті. Ұстаздарды ерекше әсерге бөлеген кешке аудан әкімі Төлеген Төреғалиев, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Зәмзагүл Ерғазиева, ардагер ұстаздар, мектеп директорлары, аудандық білім беру бөлімінің қызметкерлері, қосымша білім беру орталығының педагогтары қатысты.


Аудан басшысы Төлеген Серікқалиұлы ұстаздарды төл мерекелерімен құттықтап, қызметінде ерекшеленгендерге алғыс хаттар табыс етті.  Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Зәмзагүл Ерғазиева аудандық білім беру бөлімінің «Құрмет грамотасымен» он үш ұстазды марапаттады. Ал,  аудандық  білім беру қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Ләззат Тапаева «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің Батыс Қазақстан облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің «Құрмет грамотасын» бірнеше мұғалімге  табыстады.

Биыл алғаш рет республикалық «Үздік педагог» аталымын алған Қадыр Мырзалиев атындағы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлжан Тұржігітоваға ұстаздар қауымы қошемет көрсетті.

Ұлағатты ұстаздар ұлықталған кеште шәкіттермен қатар ұстаздардың өздері де өнер көрсетті. Балда лотерея билеттері ойнатылып, сыйлық үлестірілді. Ардагер ұстаздар үшін твист билеуден жарыс ұйымдастырылды. Мұғалімдерге викториналық, проблемалық қызықты сауалдар қойылып, ардагер ұстаз Гүлбақша Ерғалиеваның жауабы ерекше әсерлі шықты.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале