10.01.2021, 18:05
Оқылды: 99

Сырымдықтар таңдау жасауда белсенділік танытуда 

Сырымдықтар таңдау жасауды таңнан бастады. Осыдан – ақ аудан тұрғындарының саяси белсенділігін аңғаруға болады.

Аудан орталығындағы үш учаскеге де халық ағылып жатыр. Сайлаушылардың қатынауы үшін Жымпитыда тегін көлік тасымалы ұйымдастырылуда. Тегін тасымал учаскелерден алыста орналасқан Мұхит, Әбілқайыр хан, Қажымұқан, Алашорда көшелерінің және Қарасу мөлтекауданының тұрғындары үшін қолайсыз ауа – райы кезінде өте тиімді болуда.

IMG_5221
Учаскелердегі дауыс қабылдау жұмыстары толықтай санитарлық талапқа сай жүріп жатыр.

- Саяси науқанды ҚР Мемлекеттік Әнұранымен бастадық. Бұл сайлаудың елдік шара екенін білдіреді. Халықтың келуін жақсы бағалап отырмыз. Таңғы сағат 07:00 - ден бері екі сағаттың ішінде 150 - ден астам тұрғын дауыс беріп үлгерді. Жақсы қарқын. Комиссияның 7 мүшесі сайлау жұмыстарын жүйелі ұйымдастыруда. Ашықтық пен әділдікті саяси және қоғамдық ұйым мүшелері бақылауда.

1991 жылдан бері сайлау комиссиясындамын. Бұл - менің қоғамға азамат ретінде қосқан үлесім. Әр сайлау - Тәуелсіз Қазақстан үшін тарихи оқиға, – дейді №290 сайлау учаскесінің төрағасы Жалғас Жоламанов.

Журналист Мүсірбек Айташев – осы учаскедегі "Nur Otan" партиясы бекіткен байқаушы.

- Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттары сайлауында елімізде 398 байқаушы бекітілсе, олардың 322-сі халықаралық ұйымдардан екен. Сайлау – елге реформалық жаңалықтарға бастайтын жаңа саяси қадам болса, байқаушы – саяси науқанның әділ өтуіне үлесін қосатын адам. Барымша өзім бақылайтын №290 сайлау учаскесінде сайлаудың әділ өтуіне атсалысудамын. Біздің учаскеде менен бөлек, "Ауыл", "Ақжол", "Қазақстан азаматтарының альянсы", "Нұр" қоғамдық бірлестігі, "Мұқалмас" республикалық қоғамдық бірлестігі, "БҚО кәсіподақ орталығы" атынан келген байқаушылар бар. – дейді ол.

20210110_175250

Сайлаумен бірге бүгін Жымпитының орталық алаңында ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтуде. Халық дауыс беріп болғаннан кейін жәрмеңке жаймасын жағалап, ет, сүт өнімдерінің саудасының қыздырып, саяси оқиғамен басталған демалыс күнін мерекеге айналдыруда.

Сырым ауданы бойынша 11920 сайлаушы 29 сайлау учаскесі арқылы дауыс беруде.

IMG_5258
Аудандық орталық сайлау комиссиясының төрағасы Өтеген Уашевтің мәліметінше, түскі сағат 13:00 – ге дейін Сырым ауданы тұрғындарының 73, 5 пайызы таңдауын жасап үлгерген. 265 адам үй жағдайында дауыс беруге өтініш білдіріпті. Күн райының қолайсыздығына байланысты бұл сан өсуі мүмкін.

Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале