8.09.2017, 17:09
Оқылды: 44

Сырымдықтар қала күніне тарту жасады

Бейсенбі күні Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының амфитеатрында қала күніне арналған Сырым ауданы көркемөнерпаздарының «Жайнай бер, жарқырай бер құтты мекен Оралым» атты мерекелік кеші өтті.

Шараның шымылдығын республикалық, халықаралық  фестивальдердің  лауреаты «Жауқазын» би ансамблі «Қуаныш» биімен ашты. Содан соң сахна төріне кештің қос жүргізушісі шығып, Сырым өлкесінің тарихына, ұлттық құндылықтарына шолу жасады. Шаһар мерекесіне арналған кештің көркін «Сырым сазы» фольклорлық ансамблі Құрманғазының күйі «Адаймен», «Аружан» би ансамблі «Қамажай» биімен, «Ақ ниет» әжелер ансамблінің «Қазақстан Республикам менің», Ақылбек Какимовтың орындауындағы «Елге сапар», Ерназ Жанұзақовтың  шырқауындағы «Звезда по имени Солнце» әндері қыздыра түсті. Сондай-ақ II халықаралық «Ақ сұңқар» би фестивалінің бас жүлде иегері «Айналайын»  би тобы  орындаған  этно-хореографиялық композициясы, Бисенғалиевтер отбасы ансамблі әуелеткен «Уақыт» әні көрермендердің зор ықыласына бөленді. Концерт  соңында Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев пен  қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қуанышбек Мұқанғалиев қала тұрғындары мен қонақтарын шаһар күнімен құттықтады.

Бүгінгі кешке келген баршаңызға алғыс айтамын. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына орай Сырым елінде бірнеше мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Бірқатарын айта кетсек, Алашорда Үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуына орай Жымпиты-Семей экспедициясы құрылып, Жаһанша Досмұхамедовтың 130 жылдығына тарихи-танымдық кездесулер, шаралар өтті. Сондай-ақ Сырым Датұлының  275 жылдығы да кең көлемді аталып өтілетін болды. Мерейлі кешті өткізуге ұйытқы болған Орал қаласының әкімдігіне Сырым елінің  халқы  атынан зор алғысымды айтамын. Қала тұрғындары мен қонақтары шаһар мерекесі құтты болсын. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін, деді Төлеген Серікқалиұлы. Ал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қуанышбек Жанболатұлы жиылған қауымға сазды сәлемімен рухани кеш сыйлаған өнер ұжымына ақжарма тілегін жеткізді.

 

                                                                                 Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале