26.10.2020, 11:30
Оқылды: 107

Табиғи таза тағамның орны бөлек

- Әке, KFC жеймін.

- Әрине, алып беремін, - дедім қызыма. Тез дайын болатын тағамдарға бой үйретіп кеткеніміз соншалық, пицца, донер секілді «ғажайыптар» ұлттық тағамдарға айналды. Ия, ұл-қыздарымызға осындай дүниелерді алып беріп, олардың денсаулығы сыр бергенде ғана сан соғамыз.

 2 (5)

Бұрын ата-анамыз демалысқа шыққан сайын бізді ауылдағы үлкен үйге апарып тастаушы еді. Сөйтіп, ала жаздай сол жақта болатынбыз. Күнде ағарған ішіп, ыстық нанға сары май жағып, оны қантпен қосып жеудің өзі неге тұрады, шіркін...

Қашанда ауылдағы табиғи таза тағамның орны ерекше. Олардың адам денсаулығына пайдасы да зор. Мәселен, тоқсан ауруға ем – ағарғанның орны бөлек. Кезінде ата-бабамыз түйенің шұбатын, жылқының қымызын, сиырдың айранын, ешкінің сүтін ішіп ұзақ өмір сүрген. Оның құрамындағы құнарлылықты осыдан-ақ аңғаруға болады. Медицина тілімен айтқанда, ағарған ағзаға өте пайдалы. Себебі, дәрумендер иммундық жүйені нығайтуға мол мүмкіндік береді.
Бала күнімізде атам үнемі қазақ батырларының күштілігі туралы жиі айтатын. Олар бір қойдың етін сүт пісірім уақытта бір өзі тауыса алатын алып адамдар екенін мысал ететін. Ал қазір ше? Қазір жағдай мүлдем бөлек. Ағарғанның орнын газды сусынмен  алмастырдық. Кола ішіп кекіріп, фанта ішіп секіреміз келіп.

Мысалы, дастарханның көркіне айналған «Кока-кола» сусынын алып көрелік. Бүгінде күллі әлем зерттеушілері күдікпен қарай бастаған «Кока-Кола» сусынының шығу тарихы сонау ертеден басталған екен. Тәтті су ең алғаш Атланта қаласында пайда болыпты. 1886 жылдың 8 мамырында Джон Пембертон ойлап тапқан бұл сусын алғашында жай сироп ретінде ғана сатылған. Арада алты жыл өткесін ғана «The Coca-Cola Company» болып ирландық Аза Кендлердің бастамасымен қайта құрылыпты. Көп уақыт өтпей-ақ Американың бірқатар қалаларында сатыла бастаған сусынның артынша Лос-Анжелес, Даллас, Чикаго қалалары мен Калифорния, Техас, Иллионс штаттарында зауыттары ашылып, жұмыс істей бастады. Сөйтіп, 1895 жылы Аза Кендлердің өнімі Американың барлық штаттарында зор сұранысқа ие болыпты.

«Коланың» құрамындағы карамель үй жағдайындағыдай қантты жоғары  температурада қыздыру арқылы емес,  қант, аммиак және сульфиттің арасында күрделі химиялық реакциялардың әрекеттесуінен алады. Бұл жоғары қысыммен температура жағдайында өтеді. Реакциялардың нәтижесінде алынған бояғыш зат адам үшін өте зиянды.
Вашингтондық табиғи тағамды қолдаушылар, американдық зертханаларда жұмыс істеп жатқан оқымыстылар бұл химиялық құрамның бауыр, өкпе, тамақ қалқаны обырын  және ақ қан ауруларын тудыратынын анықтағанын айтып алаңдайды.  Түркияда оның жасалу жолын білгеннен-ақ «Коланың» әкелуіне мүлде тыйым салынды. Бұл сусынды АҚШ-тың солтүстік штаттарында жол полициясы авариядан кейінгі асфальттағы қанды жуып кетіру үшін қолданады екен. Коланың құрамына фосфор қышқылы кіреді, ал ол тырнақты түгелімен ерітіп жібере алады. Егер бұл сусынға бір тілім етті салып жіберсе, 2 күннен кейін ол тіпті жоқ болып кетеді екен. Міне, біз ағзамызды қаншалықты деңгейде қинап жатқанымыздың дәлелі.

Ал енді табиғи өнім, өзіміздің ағарғанымыз жөнінде сөз қозғасақ. Мәселен, науқас адам сауығу үшін түрлі дәрілерді қабылдайды. Олар ішек қызметін бұзып, қарын түктерін қабындырады. Салдары асқазан ауруына алып келеді. Ал, дәрігерлер дәріні ішкеннен кейін айран, қымыз, сүт ішсе тез жазылуына септігі тиетінін айтады.
Қазіргі кезде барлық адам семіздікпен күресуде. Мәселен, артық салмақтан арылудың жолын іздеп түрлі диетаға отырған жандарды да көз көріп жүр. Осыған орай диетологтар толықпын деп шағымданғандарға ағарғанды ұсынуда. Оның құрамы күрделі болғанымен артық салмақты түсіруде өте белсенді. Сонымен қатар, ертеректе әжелеріміз шашын ағарғанмен жуса керек. Сондықтан да ол кездері бас терісінің құрғауы, қайызғақ, жансызданған шаш сияқты мәселелер кездеспеген. Керісінше, нәрлендіріп, жылтырауына, тез өсуіне ықпалын тигізген. Байқасаңыз, көп адам ағарғанды оның ішінде айран мен қымызды астан кейін немесе ұйқы алдында ішеді. Мұның да өзіндік сыры бар. Айран адамның жүйке жүйесіне оң әсер етсе, қымыз асты тез қорытады. Сондай-ақ, олар ұйқысыздықтың алдын алып, мазасыздықты емдейді.

Енді құрметті оқырман, «Кола» мен қазақтың ағарғанын салыстырып көріңіз. Таңдау өзіңізде!

Қазіргі қоғамда табиғи таза өнімдерге неге сұраныс жоқ деген сауал туындайды. Себебі, жарнама нашар. Көгілдір экраннан көретініміз тек зиянды тағамдар. Адамның санасын жаулаған дүниелерге жас ұрпақ әуес болады сосын. Айранды, қымызды, шұбатты насихаттап жатқан жан көрмейсің. Керісінше, донер, пицца, қуырылған картоп (чипсы) секілді дүниелердің жарнамаларынан көз сүрінеді. Дүкендердің сөресінде де самсап тұрған зиянды нәрселер.

Халқымыз «Ас – адамның арқауы» деп, қашаннан тамақтануға ерекше мән берген. Адамның тамақтану рационында ет, сүт, жеміс-жидек өнімдері алғашқы орында тұруы шарт. Қаймақ пен құрт, тары мен талқан сататын дүкен көрмейсің. Болса да әр бұрышта елеусіз тұрады. Сонда біз өз денсаулығымызды өзіміз құртып жатырмыз ба?

Әркім өз өмірінің қожасы. «Былай жаса, ананы же, мынаны тұтын» деп айтудан аулақпыз. Дегенмен ағза қалыпты қызмет етуі үшін қандай тәртіппен тамақтану керектігі туралы аз-кем кеңес берсек дейміз.

Таңғы 5-7 сағат аралығы "ішек уақыты" деп аталады. Сондықтан таңертең оянған бойда таза, жылы су ішу керек. Маусымның жаңа жемістерінен шырын жасап ішсеңіз, нұр үстіне нұр болар еді.

Күндізгі 12-14 сағат аралығында ақуызы бар тағам мен көкөніс (картоптан басқа) жеу керек. Ақуызы бар тағамға ет, балық, жұмыртқа, бұршақты тағам, көкөніс сорпасы, сүзбе, айран жатады. Ал шұжық, консервілер керісінше ағзаға зиян. Көкөністерді қуырып емес, қайнатып жеу керек. Тәтті жайлы мүлде ұмытыңыз.

Түскі астан кейін 2,5 сағаттан соң қантсыз шай ішуге болады. Ақуызы бар тағаммен қатар шай, су ішпеген абзал. Күніне ең кемі 1,5 литр су ішу керек.

Кешкі асты 19.00-ге дейін жегеніңіз дұрыс. Мәзірге ботқа мен көкөніс кіреді. Кешкі асқа көмірсуы мол тағам жеу керек. Тамақтанып болғаннан кейін су ішіңіз, ұйықтар алдында айран ішіп жатуға болады.

Егер артық салмақтан арылғыңыз келсе, ұйықтар алдында майдан арылған сүзбені қантсыз жеп жатыңыз. Тәтті-пәттіден бас тартыңыз. Сөмкеңізде не үстеліңізде 1 литрлік бөтелкеде таза су болсын. Ағзаңызды токсиндерден тазартсаңыз, артық салмақтан да оңай арыласыз.

Міне, бір күніңізді осылай өткізіп көріңізші. Табиғи таза тағамдарды пайдалану арқылы денсаулығыңызды нығайтасыз. Сіз Отаныңыз бен отбасыңызға керексіз.

Әділет Әлібекұлы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале