23.04.2018, 16:13
Оқылды: 60

Тайпақта жерлестер форумы өтті

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты ғылыми мақаласына сай «Туған жер» бағдарламасы аясында өткен бас қосудың ауыл тынысына әкелген маңызы зор болды десек, еш артық айтқандық болмас.

Еліміздің рухани түлеуге беттеуі халықтан зор қолдауға ие болып, туған жеріне жақсылық жасағысы келген азаматтар тарапынан жер-жерде игі бастамалар қолға алынғалы мәлім. Тайпақта да уақыт талабына сай істердің жүзеге асуы нақты қолға алынды. Былтыр ауылдың түлегі болып табылатындар – облыс орталығында, көршілес Атырауда медицина саласында қызмет жасап жүрген 32 маман келіп, тайпақтықтардың саулығын байқастап, кеңестер берді. Осындай бастама үшін ауылдық округ әкімі Болат Шәленовтің, басқа да мүдделі азаматтардың атына алғыс шексіз болды. Рухани серпіліске байланысты басқа да шаралар орындалды. Міне, мұндай қозғалыс биыл да жалғасын табуда. Облыс орталығынан, аудандарымыздан, Ақтөбеден, Атыраудан 130-дан астам, яғни тайпақтық түлектер, ардагерлер туған жерге асығып жетті. Олар алдымен Ұлы Отан Соғысы боздақтарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, батырлар рухына тағзым етті.

Форумның ашылу салтанатында аудан әкімі Әділ Жоламанов сөз сөйледі. «Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор серпіліс әкелген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бағдарламалық мақаласы сай елімізде ауқымды істер атқарылуда. Туған жеріне жаны ашыған жомарт жандар шын ниеттен жақсылықтар жасауда. Қоғамның ілгерілеуіне қолғабыс берген әрбір азамат құрметке лайық. Атажұртқа деген зор махаббатты біз өзіміз арқылы жас ұрпақтың бойына дарыта білуіміз керек»,-деді Ә.Жоламанов. Ол «Рухани жаңғыру» аясында аудан көлемінде атқарылған істерге тоқталып өтті.

IMG_2552«Туған жерге тарту» деген шақырумен Тайпаққа көмек қолын созып келе жатқан түлектер, тұрғындар аз емес. Мысалы, Есенаман Жарылғасов пен Жандос Айтмағамбетов Тайпақ ауылынан Орал-Атырау тас жолына дейінгі жолдың жиегіне электр желісін тарту жобасына жетекшілік ететін болады. Жанат Таскентов пен Бейімбет Шойынов жетекшілігімен ауылдың кіреберісіне арка орнату, Жасұлан Кәуенов пен Дәурен Молдашев бас-көз болуымен Гагарин, Чапаев көшелеріне егілетін тал-терек алаңдарын  қоршау жұмысы, Талғат Мұхамедияровтың бастауымен Шабдаржап ауылына техникалық су құбырын жүргізу жұмыстары жақын уақытта жүйелі түрде жүзеге асатын болады.

Форумда осы азаматтар сахнаға шақырылып, жоспарларымен бөлісті. Олардың әрқайсысынан бұл топыраққа деген ыстық ықыласты, ерекше сезімді байқадық. Өз қолы өз аузына жеткен әрбір азамат атамекеніне деген перзенттік парызын қолдан келгенше түгендеп жүрсе, қандай ғанибет!

Ауылбасы Болат Шәленов, еңбек ардагері Ғазиз Хаймулдин,  форумға қатысушылар Нұрлан Бекқайыров, Алтын Орынғалиқызы да осындай ойларын ортаға салды.  Ақжайық ауданының Құрметті азаматы Әленғали Керейтегі әр тұрғынның өзінің кіші отанына жақсылық жасау қажеттігін айтты.

IMG_4942Елдегі жақсылықтарға елең ете жүретін белгілі спортшы, самбо күресінен әлемнің төрт дүркін чемпионы Ерболат Байбатыров та осы жиыннан қалыс қалмады. Құр қол келмей, Ауыл қорына 2002-2003 жылғы мектеп түлектерінің атынан 1 млн. теңге табыстады. Ақтөбе қаласынан келген Хамит Жұмағазиев келешекте ауылдағы ескі ғимараттың біріне күрделі жөндеу жүргізіп, балабақша ашқысы келетінін, сондай-ақ қорға қаржы аударып тұратынын айтты. Басқа да қатысушылар бірінен кейін бірі сөз алып, хал-қадірлерінше кіндік қан тамған жерге көмектесетінін жеткізіп, қолма-қол қаражат аударып жатты.

Форум мінберіне көтерілген ақын Сағынтай Бисенғалиев зор шабытпен жаңа өлеңін оқыды.

«Аманбысың, айналайын, Тайпағым,

Аспаныңды торламасын қайта мұң.

Перзенттерің пейілдене бас қосып,

Абыр-сабыр боп жатыр ма байтағым?

 

...Тұнық көлін талай дұшпан лайлап,

Сан соғыстан сау қалған, «а, Құдайлап!»

Есім ханды екі сөзбен тоқтатқан,

Жиембеттей жырау туған бұл аймақ.

 

Балы бітіп, уы қалған бұл аймақ,

Нары бітіп, қуы қалған бұл аймақ.

Махамбеттің тұлпарының ізі мен,

Текті жырдың туы қалған бұл аймақ».

 

Ақжайықтың қос жағасы ну аймақ,

Мәңгі өлмейтін бермесе де құдай бақ.

Бар әлемге «Мен қазақ!» - деп жар салған,

Жыр-ақберен Жұбан туған бұл аймақ!»,-деп жырлағанда, сары дала төсінде асқақ рухтың лебі есіп, бүкіл атырап түлей түскендей ерек бір ахуал орнады.

Ауданның мақтанышына айналғандар – ҚР Мәдениет саласының үздігі, дәстүрлі әнші Зияш Аманғалиева, әнші, республикалық байқаулардың жеңімпазы Рүстем Кереев әннен шашу арнады. «Айгөлек» балабақшасының бүлдіршіндері жиналғандарға тақпақпен сәлем жолдады. Есенгелді Тапалов жетекшілік ететін халықтық «Жайық сазы» фольклорлық ансамблі, әнші Дәурен Ғилманов, «Дала сазы», «Толқын» бишілер тобы өнер көрсетті.

Содан кейін форумға қатысушылар 1982 жылы туған ауылдастарының ұйымдастыруымен, Бекет Мұстафиев пен Қадыр Бақмановтың жетекшілігімен тұрғызылған «Тайпақ менің жүрегімде» атты мемориалдық тақтаның ашылу салтанатына қатысты.

Осында БҚО «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша өңірлік жобалық кеңсесінің жетекшісі Гүлсім Усағалиева сөз сөйлеп, тайпақтықтардың бастамасы басқа жерлерге үлгі екенін айтты. Сосын, меймандар 1983-1984 жылғы туған азаматтардың қолға алуымен жүзеге асып жатқан көшет отырғызуға қатысты. Айта кетелік, осы көктемде Тайпақта 1000 тал қарағаш, көктерек егіледі деп күтілуде. Сондай-ақ алдағы уақытта орман-тоғайды тазалау жұмыстары жоспарда тұр.

Бекболат ҚАЛЕНОВ

Ақжайық ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале