19.05.2020, 8:56
Оқылды: 124

Тайсойған тақсіреті тамыр жайып бара ма?

Атыраудағы Тайсойған, Азғыр полигондарымен іргелес орналасқан Қаратөбе ауданында экологиялық мәселе соңғы жылдары белең алып келеді.

27D83F30-76E4-4032-9B4E-5E08E6F4AD83

Негізгі әрекет етуші Капустин Яр, Азғыр, Тайсойған полигонының ұзақ уақыт бойы жұмыс істеуіне байланысты олармен шекаралас аймақтағы тұрғындардың денсаулығы нашарлап, табиғаттың өзі төндірген қауіп те өзекті мәселеге айналған. Солардың қатарында жылжымалы құм көшкіні бар.

– Қаратөбе биосферасында төрт салада экологиялық бұзылу көрініс тапты. Ол – жер, су, ауа, радиологиялық экология. Ауданымыз оңтүстік батысында Нарын, Азғыр, оңтүстігінде Тайсойған, шығысында Ақтөбе полигондарымен шектеседі. 20 млн. га құмды алқаптағы Нарын жерінде ядролық жарылыс ауа қабатында сыналса, Азғырда 17 рет жер астында ядролық жарылыс болып, Тайсойғанның 1,4 млн. га жерінде радиоактивті ластану орын алды. Мұнда 300 ракета құлады. Оның отыны улы гептил болатын. Сондықтан Қаратөбе, Казталов, Жаңақала, Ақжайық, Бөкей ордасы аудандарының барлық су көздері шаруашылық-тұрмыстық мақсаттарға мүлдем жарамсыз. Суда радий -226, никель, марганец, кадмий, палладий мөлшері көбейген. Қалдығайты, Шилі, Жақсыбай, Шілдібай өзендерінде эвтрофикациялану байқалды, – дейді аудандық балалар мен жасөспірімдер саяхаты және экология орталығының ұйымдастырушы педагогі Гүлнұр Ғабдушева.

Осы полигондық аймақтарға жақын ауылдарда, әсіресе тумысынан ақыл-есі кем, мүгедек, сал ауруына ұшырағандарды көптеп кездестіресіз. Қаратөбе ауданына қарасты Саралжын ауылдық округі Атыраудағы Тайсойған, Азғыр полигондарына жақын орналасқан. Егер зерттеу жасалып, себебі анықталса, ауданымыз экологиялық апатты аймақтар қатарына қосылар еді. Өндіріс болмағанымен, ауру балалардың туылуы айналамыздағы ушыққан  экологиялық ахуалдың салдары екеніне күмәніміз жоқ. Ел арасында бұл жағдайдың бұрын да болғаны айтылып жүр. Тек артық әңгімеден қашқан жұрт оны жариялай бермейді. Қазір де бірқатар тұрғындардан тері, тұқым қуалайтын жүрек-қан тамыр аурулары көптеп кездесуі - осыған дәлел. Бұл жергілікті халық тұтынып отырған судан болуы да мүмкін. Туа біткен кемістіктер елдің ғана емес, тұтас аймақтың тіршілігіне радиациялық сәулелердің салдары болып саналатын химиялық салмақтың мықтап түскенін аңғартып отыр. Оның зардабын енді, міне, екінші немесе үшінші ұрпақ тартып келеді. Ал Тайсойғанда ракеталар сынағы өткізілгені белгілі. Мұның бәрі адамдар мен жануарлар ағзасында өз іздерін қалдырды.

Бірнеше жыл жер беті мен астында жасалған ядролық сынақтардың салдарынан адамдар, жануарлар мен жер бетіндегі топырақ та зардап шеккен. Мамандардың айтуынша, ядролық сынақтан кейін қатерлі ісікпен ауыратын адамдардың саны бірнеше есе көбейген. Оған қоса өмірге келген балалардың да кеміс тууы жиілеп кеткен. Жасалған ядролық сынақтар мен одан бөлінген зиянды заттар жерге сіңіп, оның құнарлылығын жыл сайын жойып отырады екен. Ол жерден өсіп шыққан кез келген өсімдік және сол жердің шөбімен азықтанған жануарлардың бәрі ауруға ұшыраған.

Расында да, сынақ полигонының зардабы жергілікті тұрғындар үшін ауыр болары сөзсіз. Алайда бұл мәселеге келгенде біз тек Семей полигонының зардаптарын айтумен шектелеміз. Ал әлі де түрлі әскери қару-жарақтар сыналып жатқан аймақтардың қаншалықты зардап шегіп отырғанын жиі сөз қыла бермейміз. Егер полигонның зардабы сан ұрпақты жарымжан етпеген болса, бүкіл әлем мұндай сынақтардан бас тартпас еді.

 Маралбек Амантаев

Қаратөбе ауданы

 zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале