19.06.2020, 10:39
Оқылды: 420

Талантты тани білген бапкер

Ауданымызда дзюдо күресінен шәкірт тәрбиелеп жүрген  Қасым Қаженов көпке танымал тұлға. Оның шәкірттері талай шыңды бағындырып, әлемдік аренада Қазақстанның абыройын асқақтатып жүр. Шыны керек, мұны біреу білсе, біреу білмеуі кәдік.

BAPKER1

Бұл жолы да әңгімемізді  жақынырақ танысудан бастадық. Ол Қаратөбе топырағында дүниеге келіп, Орал қаласындағы М.Өтемісов атындағы БҚМУ-ды бітіріпті.  Еңбек  жолын  Бөрлі ауданының Ақсу ауылында бастаған.

- Сонымен, сіз спортқа қалай келдіңіз?

- Спортқа келуіме бірден-бір себепкер әкем еді. Ол кісі мектепте денешынқтыру пәнінің мұғалі болды. Шыны керек, ес білгелі көргеніміз спорттық дүниелер, спорттық ойындар. Кейін әкем мені күрес үйірмесіне апарды.  Алғаш жаттықтырған бапкерім Құттықбай Ержанов деген кісі болды.  Бала кезде мектепішілік, кейін аудандық, облыстық чемпионаттарға қатысып, жүлделі оралып  жүрдім. 90 жылдардың басында отбасымыз осы Бөрлі ауданының Ақсу ауылына қоныс аударды.  Мұнда  қазақ мектебі және қазақ күресінен үйірме болмағаннан кейін әкем мені Оралдағы БҚМУ жанындағы  педагогикалық лейциге оқуға алып барды. Ол жерде спорт бөлімі болмағандықтан біраз уақыт спорттан қол үздім. Кейін лейциді аяқтағаннан соң педагогикалық колледжде спорт факультеті бар дегенді есітіп, бірден сонда  келдім. Ол жерде Берік Жұмағалиев пен Райбек Меңдіғалиев сынды танымал бапкерлер жаттықтырды. Оқу бітірген соң   Отан алдындағы борышымды өтеп келіп, Ақсу ауылында  жасөспірім балалардың басын қосып, спорт үйірмесін ашуға шешім қабылдадым. Ауыл басшылығы бұл ісімді қолдап, сол кездерде көмек те көрсетті. Осылайша ауыл балаларын  боз кілемде белдесуге, намысты, адамгершілікті жоғары   қоюға  үйретіп бақтым. Әлі есімде  бірде  облыстық чемпионатқа  апарған 7 балам да чемпион атанып, олар әлем чемпионы болғандай қуанғаным. Ол кезде  тәжірибе де аздау дегендей...

Бірде  ауданда дзюдо күресінен жаттықтырушы болып жүрген Мәншүк Баданова деген апам менімен жақынырақ танысып, аудан орталығындағы балалар және жасөспірімдер спорт мектебіне шақырды. Содан  көп ұзамай аудан орталығына жаттықтырушы болып ауыстым.

Содан бері осы спорт саласында тер төгіп келемін.

BAPKER 2

-Сізді жұрт кәсіби бапкер ретінде таниды. Жалпы бапкер деген кім? Чемпион тәрбиелеу қиын ба? 

-Әр мамандықтың өз қиыншылығы мен артықшылығы болады ғой. Сол секілді спорт саласының да өзге мамандыққа ұқсамайтын ерекшелігі бар.
Мәселен, суретші... Ол айлап-жылдап бір сурет салуы мүмкін. Ал ол суреті ойындағыдай шықпаса, жыртып тастауға немесе ешкімге көрсетпей тығып тастауға мүмкіндігі бар. Ал, біздер, бапкерлер...  Біраз жылымызды сарп етіп дайындаған шәкіртіміз додаларда топ жара алмай қалса, оны жыртып тастауға немесе ешкімге көрсетпей, бір жерге тығып тастауға құқығымыз да, мүмкіндігіміз де жоқ. Өйткені, бұл – өмір. Ол - адам!
Сондай-ақ, алдыңа келген жүз баланың ішінен өзіңмен қиындықты бір кешіп,  спорттың шыңына бірге шығатын баланы таңдай білу, көптің   ішінен тап басып  оны тани білу – кез- келген бапкердің қолынан келетін нәрсе емес. Көптің бірі етіп, әйтеуір, спортқа келген екен деп, күнделікті жаттығуын жасатып, кешке үйіне аман-сау шығарып салып, жалақыңды алып,  тыныш  өмір кешуге болар. Ал алдыңа келген баланы жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар ету, оның потенциалын дұрыс пайдаланып, спорттың дара жолына салу – оңай емес. Ол үшін  темірдей тәртіп  мен  үлкен шыдамдылық керек.  Әрі шәкіртті тәрбиелегенде  басынан сипап, қолына тәтті кәмпит ұстатпайсың, «қаққанда қанын, соққанда сөлін» аласың. Өйткені, спорт- әлсіздікті көтермейді.

Тәубе, байрақты бәсекелерде топ жарып жүрген, келешекте  топ жаратын да шәкірттерім баршылық.  Мәселен, Темірлан Көлбаев,Теміржан Көлбаев,Раушан Қадыралиева, Хамзин Замир, Сейісов Әділбек, т.б. сол қатардан.

-Қателеспесек, облыстан шыққан тұңғыш Азия чемпионы сіздің   шәкіртіңіз ғой...

-Иә, солай... Кейде жарыстарды  өз көзімен көрсін, білсін деп апарған балаң, ойламаған жерден жүлде алады. Яғни әншейінде қарапайым ғана бала боз кілемге шыққанда өзгеріп  шыға келеді. Мәселен, дзюдо күресінен облыстан шыққан тұңғыш Азия чемпионы Темірлан Көлбайды алайық. Ол жаттығуға келгенде де, жаттығудан кейін де үйіне кетіп қалмай, үйреткен тактикаларды қайталап ұзақ жүретін. Оның болмысы – тұнып тұрған спорт екенін сол кезде анық түсіндім. Көп ұзамай, сол Темірлан шәкіртім айды аспанға шығарып, дзюдодан «Азия чемпионы» атанды. Кейін самбодан да   «Азия чемпионы»болды. Бүгінде ол самбо күресінен  ҚР-ның құрама командасы мүшесі. Әлі де өзімнің жанымда, ересектер арасындағы үлкен жарыстарға дайындық үстінде.

Жасыратыны жоқ,   біздің Бөрліде  спортқа көп көңіл бөлінеді. Ауданда екі бірдей спорт кешені ашылды, қаржылай қолдаулар да болып жатыр.   Шынын айту керек, бұрын  қиыншылықтар аз болған жоқ қой.

-Әңгімеңізге рақмет!

                                                                                                  Сәнім Меңдібай,

                                                                                                       Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале