8.10.2018, 17:27
Оқылды: 87

Талдыапан ауылына 75 жыл

Қазталов ауданы, Талдыапан ауылының құрылғанына 75 жыл толуына орай дүбірлі той өтті. Оған алыс жақыннан ауыл түлектері бас қосты. шараға шаруа қожалықтары, ауыл тұрғындары, жеке кәсіпкерлер бір кісідей атсалысты. Аудан әкімі Абат Шыныбеков қатысып, құттықтау лебізін білдірді.

taldyapan (2)

Жұртшылықты құттықтаған аудан басшысы Абат Абайұлы Талдыапан ауылының тарихына, жеткен жетістіктеріне тоқталып, барша жерлестерді мерейтоймен құттықтап, бір топ шаруа қожалық жетекшілері мен ауыл тұрғындарын алғыс хатпен марапаттады.

Талдыапан ауылының құрылғанына 75 жыл толуына орай ұйымдастырылған мерекелік шара ең алдыменен ауыл түлектерінің ауылға кіре беріске орнатылған «Талдыапан» жарық диотты белгісінің және 16 жаңа электр бағанының көше шамдарын ашылуымен басталды. Туған жерін көркейту мақсатында бұл ауылдың әр жылғы түлектері ауқымды істер атқарып, 1 млн. 250 мың теңге қаражатқа ауылдың мерейтойына сый жасап отыр.

Мұнан кейінгі мерейтойдың жалғасы орталық алаңдағы 1971 жылы түлектердің 700 мың теңге қаражатқа орнатқан соғыс Ұлы отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің естелік тақтасының ашылу салтанаты өтті. Шарада тыл ардагері Тілеген Нұғыманов, 1971 жылы туған түлектер атынан Нұрлыбек Құмарұлы сөйлеп, ақжарма тілектерін білдірді.

Бұл күні талдыапандық ағайындар орта мектеп ішіндегі өлкетану-музейінің ашылуына қатысты. Мектеп ішіндегі мұражайдың жандануына Рухани жаңғыру бағдарламасының Атамекен кіші бағдарламасы аясында ауыл азаматтары Құмар Файзоллаұлы, Таңатар Қажыбайұлы, аудандық мәслихат депутаты Нұрлыбай Жолдыбайұлы 800 мың теңге қаражатқа демеушілік білдірсе, мұражайдың ішкі құрастыру-безендіру жұмыстарын мектеп түлегі Нұрлыбек Құмарұлы жасап шыққан. Ал тәуелсіздік бөлмесін безендіруде ауылдың әр жылғы түлектерінің өзіндік қолтаңбаларын қалдырған. Ашылу салтанатында зейнеткер ұстаз Дариға Захарқызы құттықтау лебізін білдірсе, еңбек ардагері Өтеген Меңдіғалиев, аудандық мәслихат депутаты Нұрлыбай Жолдыбайұлы ленте қиды.

Шарада округ әкімі Асқар Есқалиев мерейлі 75 жасқа толған ардагерлерді құттықтап, сый-сияпат табыс етті. Одан соң талдыапандық, Ақтөбе қаласындағы «Спорт жұлдыздары» республикалық ғылыми-әдістемелік журналының бас редакторы, Қазақ спорты және туризм академиясының профессоры Мұсағали Тасқалиев бір топ жерлестерді «Патриоттық және азаматтық белсенділігі үшін», «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін», «Өнерге қосқан үлесі үшін», «Тәуелсіздікке қосқан үлесі үшін» медальдарымен марапаттады.

Мұнан кейін мерейтой дала қызығымен жалғасты. Бәйге десе делебесі қозып, қиқу қосып «ер қанаты – ат» деп желпінетін халықтың да қарасы алаңда көп болды. Бірден 16 шақырымдық аламан ат бәйгесіне кезек берілді.

Ат бәйгесі 4 айналымнан тұрды. Соңғы айналымдарда алдына қара салмай, мәреге дара келген бөкейордалық Нұрлыбай Жұмағалиевтың«Сақина» атты сәйгүлігі I орынды иеленсе, Елнұр Есполовтың (Қазталов ауылы) «Ботагөзі» II орынды қанжығасына байлады. Ал Талдыапан ауылдық округінінен қатысқан Елекен Ақсиқовтың «Жирен» атты қылқұйрығы III орынды олжалады.

Сондай-ақ, 4 шақырымдық тай жарысында Ербол Қабдығалиевтың (Жалпақтал ауылы) «Шрамы» бас бәйгені жеңіп алса, Бөкейорда ауданы Құрманғазы ауылынан келген Дилхан Рамазановтың«Алапашы» II орынды, көршілес Жаңақала ауданының Қызылоба ауылынан келген Қайрат Қарағойшиннің «Нарқасқасы» III орынды еншіледі. Он тұлпар қатысқан ұшқыр ат жарысында ақжайықтық Нұралы Кенжемұратовтың «Тұмары» бірінші келсе, Бөкейорда ауданынан келген Асқар Алиақпаровтың «Көгершіні» екінші болып мәре сызығынан өтсе, талдыапандық Орал Жұмалиевтың «Ламбадасы» үшінші болып келді.

Мықты деген жігіттер арасында дөңгелек айналдыру жарысы өтіп, мұнда талдыапандық Александр Каргопольцев бәрінен асып түсіп, бірінші орын алды. Ал Өтеміс Халелов пен Райымбек Мұхамбетов ІІ-ІІІ орындарды бөлісті. Ұлттық ойындардың тағы бір қызығы қазақша күрес. Нәтижесінде айласы да, күші де басым түскен Темірлан Көлбай «Түйе палуан» атанып, бас жүлдені қанжығасына байлады. Ал Жанаман Базарбаев пен ақжайықтық Ш.Наурызов ІІ-ІІІ орындарды қанағат тұтты. Арқан тартуда 1988 жылы туған түлектер І орын алса, ІІ орынды 1997 жылы туған түлектер еншілесе, ІІІ орынға 1980 жылы туған түлектер орнықты.

Тұрарбек АҚМЫРЗА,

Талдыапан ауылы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

taldyapan (4) taldyapan (5) taldyapan (6) taldyapan (8)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале