13.01.2017, 15:18
Оқылды: 67

Тарихи туындының таныстырылымы өтті

Nurtas (1)Бүгін Қаратөбе ауданында өткен өлкетанушы-журналист Нұртас Набиоллаұлының «Егіндікөл тарихы» атты кітабының таныстырылымы өлке тарихы жөнінде тереңнен сыр шертті.


Алғаш болып сөз сөйлеген аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Рашит Иманғалиев авторды тұңғыш тарихи кітабының жарыққа шығуымен құттықтап, ақ лебізін жеткізсе, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Оразов, аудандық мәслихат хатшысы Қадыржан Сүйеуғалиев, ауыл ақсақалы Аманжан Әнесов, Егіндікөл ауылдық округінің әкімі Абат Зейнуллин, Қаратөбе мектеп-гимназиясының мұғалімдері Айнұр Баймулдина, Гүлнұр Тінәлиева т.б. оқырмандар сөз алып, кітап авторы Нұртас Набиоллаұлының алғашқы туындысын жоғары бағалап, шығармашылық табыс тіледі.

Nurtas (2)Сөйлеушілер аты аталғанда-ақ көз алдыңызға аңызға айналған Аққұм, даңқты Құныскерей үңгірі, сылдырлап аққан мөлдір бұлақ пен көл бетіне қонған аққу-құстары елестейтін Егіндікөл туралы туындының өлке тарихында алар орны зор екенін атап айтты.

Таныстырылымда Нұртас Набиоллаұлы тарихи кітаптың қалай жарыққа шықандығын, сондай-ақ кітап жазу ісімен шұғылдануға нендей қажеттіліктер түрткі болғандығы жөнінде әңгімелеп, кітап мұқабасының ерекшелігіне де кеңінен тоқталды.

NurtasКештің көркін қыздырған жерлесіміз, қадірлі мейман «Жайық Пресс» ЖШС ақпарат орталығының тілшісі Әділғазы Кереев пен жас күйші Қайрат Байғұтты домбыра шанағынан күй төксе, қаратөбелік жас ақын Райымбек Өтепов жыр-шашуын арнады.

Жаңа кітаптың лентасын қию рәсімін аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Рашит Иманғалиев пен ауыл ақсақалы Аманжан Әнесов жүргізіп, Нұртас Набиоллаұлына алғыс хат пен сыйлық табысталды.

Жерлестерінің ыстық ықыласына бөленген өлкетанушы-журналист Нұртас Набиоллаұлы алғысын жеткізіп, халық әні «Ақкербезді» шарықтата шырқады.

Кеш Егіндікөл топырағынан түлеп ұшқан қаламгер Гүлзира Серғазының «Егіндікөл» әнімен аяқталды.

Маралбек АМАНТАЕВ

Қаратөбе ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале