8.12.2016, 11:59
Оқылды: 28

Тасқалада театр фестивалі өтуде

Тасқала аудандық халық театрының 10 жылдығына арналған «Азаттықтың ақ таңы» аталатын халық театрларының аймақтық фестивалі өтуде. Үш күнге созылатын үлкен шараға Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының директоры Қуаныш Амандықов, облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Медхат Қамбетов, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының актрисасы, «Шабыт» фестивалінің лауреаты Нұргүл Жұбатова қазылық етуде. Қазылар алқасының төрағасы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Мұрат Ахманов.

Фестивальге Қызылорда облысы Арал ауданынан, Атырау облысы Индер ауданынан және өңіріміздің Ақжайық, Жәнібек, Казталов, Сырым, Тасқала аудандарынан тоғыз халықтық театр ұжымы қатысуда.

Аталмыш шара басталмас бұрын келген театр ұжымдары мен қазылар алқасын аудан әкімінің орынбасары Л.Жұбанышқалиева бастаған топ Тасқала  жеріне табан тіресімен ақпен қарсылап алды. Ауданымызға ат басын тіреген өнер ұжымдары «Азалы ана» мемориалдық кешенінің басына гүл шоқтарын қойып, ел үшін құрбан болған боздақтарды еске алды.

Сондай-ақ, қонақтар аудандық мәдени-демалыс орталығында болып, Тәуелсіздік залында орналастырылған оқушылардың қолөнер көрмесін тамашалады. Осы жерде «Ақтілеу» әжелер ансамблі дайындаған дастархан басынан дәм татып, жүрекжарды тілектерін білдірді. Аудан әкімі С.Әлиев пен М.Ахмановтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

Шараның ашылу салтанатында Тасқала аудандық халық театры туралы бейнеролик көрсетіліп, келген театр ұжымдары мен қазылар алқасы көрермендерге таныстырылды. Аудан әкімі С.Әлиев құттықтау сөз сөйлеп, аудандық халық театры ұжымына толайым табыс тіледі. Сонымен қатар театр режиссері Ж.Бисенғалиеваға жақында өткен туған күніне орайластырып алғысхат пен гүл шоғын тарту етті. Шара соңы Тасқала аудандық халық театрының Н.Қамидің «Хан Кененің арманы» тарихи драмасына ұласты.

Р.Сатыбалдиев

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале