21.05.2018, 12:06
Оқылды: 54

Тасқала ауданында жерлестер форумы ұйымдастырылды

«Ауылға қарап, азаматын таңы» дейді халқымыз. Бүгінде туған өлкесіне қол ұшын созып, оның гүлденуіне үлесін қосып келе жатқан жандар баршылық. Дегенмен сондай жандардың қатарын көбейтіп, ауыл-аймақтың дамуы үшін «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақала аясында «Туған жерге тағзым» атты жерлестер форумы жүзеге асуда.

Алғаш болып Атамекен ауылында өткен форум ендігі кезекте Мереке ауылында жалғасын тапты. Басқосуға жиналғандар үстіміздегі жылы жүзеге асады деп жоспарланған жобаларды талқылап, ауылдың тарихи-мәдени ошақтарын аралады. Мерекеліктерді айтулы күнмен құттықтаған аудан әкімінің орынбасары Л.Жұбанышқалиева ауылдың іргесі берік болуын тіледі.

-Аудан көлемінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақала шеңберінде көптеген іс-шаралар өтуде және алдағы уақытқа тағыда жоспарлануда. Соның бірі осы бүгін баршамыз жиналып отырған «Туған жерге тағзым» форумы. Халқымыз «алтау ала болса ауыздағы кетеді» дейді. Сондықтан ауылымыздың, еліміздің мәртебесі биік болса, ол – халқымыздың ауызбіршілігі, бір-біріне деген сыйластығы. Бірнеше жыл бұрын осы ауылдан түлеп ұшқан жастардың елге деген сағыныш оятатын, атамекенге деген сүйіспеншілігін арттыратын және Отан алдындағы міндетін өтейтін сәт жетті. Сол орайда олардың бірігіп келіп, елдің жетпегенін түгендеп, жыртығын жамауы қажет. Солай ғана ауылдың дамуына, өсіп-өркендеуіне қол ұшын бергендері жөн. Осы жиынға қатысқан сіздерге алғысым шексіз, - деді өз сөзінде Люция Әсетқызы. Сондай-ақ ауылдық кітапханаға І.Есенберлин мен С.Мұқановтың шығармалар жинағын табыстап, ұрпақ қажетіне жаратуларын тіледі.

Айтулы күні алыстан ат терлетіп келгендер қатарында тыл ардагері З.Хузасаитов, ардагер ұстаз Ұ.Жармұханова мен ауыл азаматтары Т.Мамышев, М.Хасанов, Ж.Альмурзин, Е.Кубланов, Б.Ирменов, Т.Альбетяров, М.Баймағамбетов, Р.Давлетов, А.Курмашев пен Т.Айткужин болды.

Форум қатысушылары сұрапыл жылдары майданға аттанған ауыл азаматарын еске алып, ескерткіштерге гүл шоқтарын қойды. Ауыл жайлы жылы естеліктерімен бөлісіп, мектеп мұражайын аралады. Ауылдың іргетасын қалағандар мен солардың ізін басқан аға буын жайлы сөз қозғап, атамекен тарихынан сыр шертті.  Өз кезегінде тыл ардагері З.Хузасаитов ұйымдастырушыларға деген алғысын білдірді.

-Қазақта «су ішкен құдығыңа түкірме» деген нақыл бар. Қарап тұрсам бүгін жер-жерден ауылды еске алып келіп тұрсыздар. Бұның өзі – сендердің азаматтықтарың. Сол азаматтық, адамдық биіктеріңнен түспеңдер,- деп батасын берді.

Жиын барысында ауыл жайлы бейнебаяндар тамашаланып,  көпшілік назарына көркемөнерпаздар дайындаған мерекелік концерт ұсынылды.

                      Әсемгүл БЕКЕШЕВА,

Тасқала ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале