25.05.2018, 23:35
Оқылды: 28

Тасқала ауданында жерлестер форумы жалғасуда

IMG_20180525_233253Тасқала ауданы Мерей ауылында «Жерлестер форумы» өтті.

Алдымен «Белгісіз солдат» ескерткішіне гүл шоқтарын қойған жиын қонақтары мектеп түлектерінің соңғы қоңырау шарасының куәгері болып, үлкен өмір табалдырығын аттағалы тұрған қыз-жігіттерге сәт сапар тілесті. Сондай-ақ шараның негізгі қонақтары болған мектептің 10, 20, 30 және 40 жыл бұрынғы түлектері өзіндік сый-сыяпаттарын ұсынды. 40 жыл бұрынғы түлектердің атынан сөз алған аталмыш мектепті алғаш боп алтын медальмен тәмамдаған  Г.Тұрғаналиев ұстаздар қауымына деген игі тілегін жеткізіп, алғысын білдірді. Сол уақытта ие болған медаль белгісін мектеп мұражайына табыс етті. Жалпы 1978 жылғы түлектер алтын ұяның бір топ оқушыларына қазақтың домбырасын сыйға тартты.

Мұнан соң мектеп мұражайымен танысқан форум қатысушылары ол жердегі көне жәдігерлер  тарихынан хабар алды. Ауыл қазынасына айналған дүниелерді тамашалап, олардың жас буын үшін аса қажет боларын сөз етісті.

IMG_20180525_233236Ал дөңгелек үстел отырысына қатысқанда «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақала аясында қолға алынған жоба жұмыстарын көрді. Бұл орайда Мерей ауылының болашақтағы көрінісін таныстырған жоба көптің көңілін тапты. Ауыл жанында орналасқан бөгеттің суын толықтырып, сол арқылы балық шаруашылығын бастау, ауыл телевизиясын орнату, спорт алаңынан бөлек бассейн және шағын саябақ салу жерлестердің ауыл келешегіне деген сенімін нықтай түсті. Жоба құны қомақты қаражатты талап етсе де, бірнеше жылда жүзеге асуы әбден мүмкін екеніне сендіреді.

Шара соңы көркемөнерпаздар ұсынған мерекелік концертпен қорытындыланды. Ұлттық ойын түрлерінен ұйымдастырылған спорттық сайыстар да қатысушылардың көңілін серпілтіп тастады.

Әсемгүл БЕКЕШЕВА
Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале