29.12.2018, 10:08
Оқылды: 357

Тасқала ауданының энциклопедиясы жарық көрді

Тасқала ауданының 85 жылдығына орай аудан тарихынан сыр шертетін тұңғыш энциклопедия жарық көрді. Аталмыш кітаптың таныстырылымына БҚО тарих және археология орталығы басшысының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор және энциклопедияның бас редакторы Мұрат Сыдықов пен география ғылымдарының кандидаты, кітаптың шығармашылық топ мүшесі Серік Рамазанов арнайы қатысты.

 энцик

         -Күні кеше ғана ауданның 85 жылдық мерейтойын өткізіп едік. Соған орай атқарылып жатқан шаралар жалғасын табуда. Соның бірі - аудан энциклопедиясының жарық көру сәті. Бұл тек аудан тарихынан емес, қиын-қыстау заманда ауылдың өркениеті үшін тер төккен азаматтардың атын ұлықтап, туған жеріміздің қасиеті жайлы сыр шертпек. Осы орайда кітаптың дүниеге келуі үшін уақытпен санаспай қызмет атқарған жандарға алғысымды айтқым келеді,- деді аудан әкімінің орынбасары Люция Жұбанышқалиева.

- Бір кітапқа 85 жылдық тарихты енгізу оңай емес. Дегенмен бізге кездескен деректер, қолымызға түскен барлық материалды жинақтай келе бір дүние шығардық. Бұл істі бастамас бұрын аудан басшылығымен ақылдасып, бірнеше мәрте тұрғындар мен кездесу ұйымдастырдық. Себебі энциклопедия шығаруға барлық жерлестердің пікірі қажет еді. Бұл кітаптың ішіне енген ақпарат толық әрі нақты. Сондай-ақ өзіме қатты ұнағаны – кітаптың әрленуі,- деді Мұрат Наурызғалиұлы.

3 бөлімнен құралған кітапты ашқанда алдымен аудан тарихы мен табиғаты, ондағы археологиялық ескерткіштерге назар аударасыз. Одан әрі «Атамекен» бөлімінде әліппе ретімен аудандағы елді мекендер, мекемелер мен ескерткіштер туралы мәлімет қамтылған. Ал соңғы «Тұлғалар» бөлімінде ауданның дамуына үлес қосқан мекеме басшылары, ҰОС және еңбек ардагерлері туралы жазылған. Сондай-ақ Ауған соғысына мен Чернобль АЭС апатын залалсыздандыруға қатысқан тасқалалықтар азаматтар есімі енген.

энциклоп

Әсемгүл Бекешева,

Тасқала ауданы 

© zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале