9.12.2019, 9:44
Оқылды: 234

Тасқалада этнофольклорлық ансамбльдердің аймақтық байқауы өтті

Тасқала ауданында тұңғыш рет этнофольклорлық ансамбльдер арасында аймақтық байқау өтті.

tasqala (2)

Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен «Ұлы дала сазы» атты байқауға 8 ансамбль қатысты.

Байқауды Тасқала ауданы әкімдігінің ұйымдастырса, БҚО мәдениет басқармасы қолдау білдірді. Мәдени құндылықтарды насихаттаған өнер додасына Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарының сахна шеберлері қатысты.

Олардың ішінде Марат Нұрмағамбет жетекшілік ететін Ақтөбе облысының Қобда аудандық балалар өнер мектебінің жанынан құрылған «Кең дала» этнофольклорлық ансамблі, Қалила Қадырәлиева жетекшілік ететін Шыңғырлау аудандық «Торыатбасы» ансамблі мен БҚО Құрманғазы атындағы саз колледжінің жанынан құрылған Ермак Молдабеков жетекшілік ететін «Еділ-Жайық» этнофолклорлық ансамблі және Ақтөбе облысы Шалқар аудандық «Шашу» халықтық отбасылық ансамблі бар. Сондай-ақ Аслан Ғизатов жетекшілік ететін Бәйтерек аудандық «Шежіре» халықтық ансамблі мен Атырау облысынан келген, жетекшісі Ербол Ақтанов Исатай аудандық Ш.Шәріпов атындағы балалар саз мектебінің ансамблі, Данияр Таңатаров жетекшілік ететін Орал қалалық «Алаш» этнофолклорлық және Тасқала аудандық «Шежіре» халықтық ансамбльдері бар.

tasqala (3)

Байқаудың ашылу салтанатына арнайы қатысқан аудан әкімі Алдияр Халелов жиналған қауымды шараның ашылуымен құттықтап, өнер ұжымдарына сәттілік тіледі.

Ал Д.Нұрпейісова атындағы Академиялық, қазақ халық аспаптары оркестрі, «Sarmat» этнофольклорлық ансамбілінің мәдени ұйымдастырушысы, Жеңіс Исмағұлов төрағалық еткен қазылар алқасы екі күн бойы күй мен ән тыңдап, шын жеңімпазды анықтады.

tasqala (1)

Екі күн бойы өнер көрсеткен ұжымдар арасынан оқ бойы оза шапқан «Алаш» этнофольклолрлық ансамблі бас жүлдені жеңіп алды. Ал жүлделі I орын Құрманғазы атындағы саз колледжі жанына құрылған Еділ-Жайық және Тасқала аудандық «Шежіре» халықтық этнофольклорлық ансамбілдеріне бұйырды. Бәйтерек ауданынан келген «Шежіре» ансамблі мен Атырау облысы Исатай ауданы Ш.Шәріпов балалар саз мектебінің ансамблі II орынды иеленді. Шыңғырлаулық «Торыатбасы» және Ақтөбе облысынан келген «Шашу» отбасылық ансамбілдері III орынды қанағат тұтты.

Жеңімпаздарға ақшалай сыйлық пен арнайы дипломдар табысталды. Ансамбль жетекшілері мен әншілеріне де алғыс хаттар берілді. Ал «Шашу» отбасылық ансамблі аудан әкімінің арнайы сыйлығымен марапатталды..

Назгүл Серікқызы

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале