28.09.2018, 10:30
Оқылды: 72

Тасқалада футбол алаңы ашылды

Тасқала ауданындағы Мерей ауылында жаңа стадион бой көтерді. Оны салуға  мектеп түлегі Амангелді Ахменкеев еңбек сіңірді. 

tasqala

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Атамекен» кіші бағдарламасы «Әлеуметтік бастамалар картасы» базалық бағытында іске асырылған жоба құны 6 миллион теңгені құрайды.

Салтанатты жиынға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Дүйсенова мен футбол ардагерлері, Шежін, Ақтау, Тасқала ауылдарының жас футболшылары мен мектеп оқушылары, сондай-ақ тұрғындар қатысты.

         Нысанның лентасын қию рәсімі біраз жыл ауылдық округті басқарып, елдің дамуына елеулі үлес қосқан  Қ.Тәшімов пен жас футболшы Мерей мектебінің оқушысы Сағиден Нұраманға бұйырды. Әжелер шашу шашып, өнерпаздар ән-жырмен мерекенің көрігін қыздырды.

Салтанатты шарада сөз алған Айгүл Серікбайқызы мерейліктерді футбол алаңының ашылуымен құттықтап, аудан әкімдігі атынан жобаны жүзеге асырушы А.Ахменкеевке алғысын білдірсе, футбол ардагерлері атынан сөйлеген М.Қабылғалиев мектеп оқушыларына доп  сыйлады.

Шара соңы футбол ардагерлерінің ауыспалы кубогіне арналған  турнирмен жалғасты.

Ардагерлердің дәстүрлі ХІ турниріне аймақтық доп додаларынан суырылып шыққан 4 команда қатысып, өзара бақ сынасты. Жарыс нәтижесінде Ақтау мектебінің  оқушылары ІІІ орынға табан тіресе, Қ.Сәтбаев мектебінің оқушылары ІІ орыннан көрінді. Ал мерейлік өрендер жеңіс тұғырының жоғары сатысына көтеріліп ардагерлер кубогіне қол жеткізді.

Жарыс соңында ұйымдастырушылардың бірі Жалел Айтқұлов барлық командалар мен  мерейліктерге, сондай-ақ туған ауылына стадион тарту еткен Амангелді Ахменкеевке алғысын білдірді.

Назгүл СЕРІКҚЫЗЫ,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале