21.02.2018, 14:09
Оқылды: 36

Тасқалада кәсіпкерлер қатары көбеюде

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының  ғимаратында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламалары аясында кәсіпкерлермен кездесу өтті.

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Д.Ғазез төрағалық еткен жиынға кәсіпкерлер мен  кәсібін енді бастауға ниет білдірген тұрғындар  қатысты. Олардың біреуі қазіргі уақытта тәттілер мен бәліштерді үйінен сатып отырса, біреулері шаштараз ашуды ойлаған. Алайда оларды «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында берілетін несиеге қалай қол жеткізуге болады, қандай құжаттар негізге алынады деген сұрақ мазалайды.

Осыған орай, аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Б.Кентоғаева келушілер сауалына жауап берді. Оның айтуынша, несие көлемі әр кәсіпке түрліше беріледі.

-Бағдарлама аясында берілетін несие сіздің кепілге қойған дүниеңізге байланысты болады. Негізінен 18 млн.теңгеге дейін несие алуға мүмкіндік бар. Егер мал шаруашылығымен айналысатын болсаңыз несиені 7 жылға, ал шағын кәсіпкерлікпен жұмыстансаңыз 5 жылға дейін беріледі. Бір ескеретіні сіз алған қаражат жоспар бойынша ғана жүзеге асып отыруы тиіс, басқа жағдайға қолдансаңыз ақшаны кері қайтарып, 25 пайыз көлемінде айыппұл төлейсіз. Сондықтан алдын ала белгілі жоспар құрып, барлық шығын мен кірісті есептеп алған дұрыс,- деді Батима Махамбетқызы.

Сондай-ақ «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерді оқыту бойынша арнайы сабақ өтеді. Бір ай көлемінде оқитын жандарға степендия төленіп, арнайы сертификаттар берілетін болады.

Әсем СЕРІКҚАЛИ,

Тасқала ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале