12.04.2018, 18:27
Оқылды: 53

Тасқалада су деңгейі тұрақталды

су (1)Тасқала жұртшылығын біраз әбігерге салған су тасқынының беті қайтты. Сәуірдің сегізінен бастап күннің күрт жылып, даладағы қар суының тез еруінен жиналған нөпір су кешкісін Деркөл өзеніне құйды.

Соның салдарынан мұздар бір-біріне кептетіліп, су деңгейі күрт көтерілді. Оның алдын алу үшін жағдайды бақылауда ұстап отырған облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы, генерал-майор Жасұлан Жұмашев пен аудан әкімі Санжар Әлиев Панфилов көшесіндегі жаяу жүргіншілер көпірі жағына жиналған мұздарды тазартуға атсалысқан төтенше жағдайлар мен өрт сөндіру қызметкерлерінің жұмысын бақылауға алып, жұмысшы топқа басшылық жасады. Ал көшелерге жиналған суды жауапты мекеме тексеріп, техникалардың көмегімен жолдар жырылып, су сорылды. Бұл күні су деңгейі 523 см-ге жетіп жығылды.

Екінші күні де су деңгейі күрт көтеріліп, облыс әкімі А.Көлгіновтің қолдауымен облыс орталығынан 22 адам мен төрт машина қосымша көмекке келді. Олар Нариман бағынан бастап Шұғыла лагерімен қоса өзеннің су жүретін 1100 шаршы метрін мұздан тазалап шықты. Қазіргі таңда аудан бойынша 1750 текше метр су сорылыса, оның 800 текше метрі II Шежін ауылында жасалды.

су (2)Аталмыш жұмыстарды атқаруға аудан бюджетінен қосымша 4 млн. теңге қаражат бөлініп, 40 тоннаға жуық жанар жағармай жұмсалды. Су көтерілген күндері 8 техника тұрақты түрде жұмыс істесе, «Аюпов», «Луч» және тағы басқа шаруа қожалықтары кезекшілікте болып, техникаларын дайындап отырды.

- Қазіргі таңда жағдай қалыпты. Су деңгейі төмендеп, қауіп сейілді. Айта кету керек, аудан әкімі С.Әлиевтің өзі күні-түні жұмыстың басында жүріп, жағдайды бақылап отырды. Алдағы уақытта су жүретін каналдарды қазу жұмыстары жалғасатын болады. Ал қазылған каналдар көп көмек болды. Мұз шұңқырларын ою мен қарды дер кезінде шығарғанның нәтижесінде қауіптің алды алынды. Шығын болған жоқ. Біздің мақсат та аудан тұрғындарына қауіп төндірмей тілсіз жаудың алдын алу. Мақсатымыз орындалды. Әлі де іске асыратын жұмыстар жетерлік. Сондықтан осы жұмыстарға атсалысқан барша аудан тұрғындары мен мемлекеттік қызметкерлерге, мекеме-ұйымдарға үлкен ризашылығымды білдіремін, - дейді Тасқала аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы М.Шауенов.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале