29.01.2019, 17:51
Оқылды: 106

Тасқалада тай жарысы мен аударыспақ ойыны өтті

Халқымыздың дәстүрін ұлықтап, ер жігіттердің намысын қайраған тай жарысы мен аударыспақ Тасқала ауданы Қазақстан ауылдық округінде ұйымдастырылды. Аталмыш жарыстың өтуіне ауылдық округ әкімдігі мен аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық мұрындық болды.

tai (4)

         «Атқа мінсе айдарынан жел ескен» демекші, жарыс өткен кездегі ауа райының қолайсыздығы жарысқа қатысушылар мен ауыл тұрғындарына кедергі келтірмеді. Тұлпардың дүбірінен шабыт алған көрермен қатары да көп, бір-біріне демеушілік танытуы да жоғары.

Дүбірлі доданың ашылуында сөз алған Қазақстан ауылдық округінің әкімі Р.Сатыбалдиев тұрғындарға деген ризашылығын білдіріп, демеушілік танытқан азаматтарға алғыс айтты.

-Ауыл болып өткізіп жатқан додамыз берекелі болсын деп тілеймін. Белсенділік танытып келгендеріңізге көп рахмет. Бастамамызды құптап, қолғабыс етіп отырған ауыл азаматтарына алғысымды білдіремін. «Алмат» ШҚ басшысы А.Мальтиев, «Әскербек» ШҚ басшысы Р.Шахметов, «Жұлдыз» ШҚ басшысы Е.Шотанов, «Бірлік» ШҚ басшысы М.Бисенғалиева мен «Ринат» ШҚ басшысы С.Сүлейменовке ізгі ниетімізді білдіреміз. Аталмыш дода тек қызық көріп, көңіл көтеру емес, өскелең ұрпаққа ұлттық спорт түрін насихаттау. Әрі қарай ауыл балалары осы спорт түріне қызығушылық танытып жатса, нұр үстіне нұр болар еді,- деді.

Облыстық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің ұстазы Ж.Ғазезовтің төрағалығымен өткен тай жарысына 14-24 жас аралығындағы ауыл азаматтары қатысты. Жүйріктігін көпке танытқан Н.Меңдібаевтың «Жирен» тайы мәре сызығын бірінші болып кесті. Ә.Сағыновтың «Қарабайы» ІІ орынды қанжығасына байласа, М.Меңдіғалидің «Орлик» тұлпары үшінші орынды қанағат тұтты.

Жігіттің мықтылығын сынаған аударыспақ ойынына 21-50 жастағы азаматтар қатысып, І орын Ә.Шахметовке бұйырды. Н.Шолахов ІІ орынға табан тіресе, А.Масалимов ІІІ орынға жайғасты.

tai (5) tai (6)

tai (3)

Әсемгүл Бекешева,

Тасқала ауданы

© zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале