2.06.2020, 16:35
Оқылды: 83

Тасқалада төл басы көбейіп келеді

Тасқала ауданы бойынша мал басының өсуі өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай көп емес. Дегенмен атқарылған еңбектің еш кетіп жатпағаны да қуантады.

A907E8D8-59FE-4E18-8114-9A9BF0C8E3EB

– Сәуір айының есебіне жүгінетін болсақ, аудан бойынша мал басының өсу деңгейі жаман емес. Мысалы, 2019 жылы сиырдың төлдеуі 7191 бас болса, биыл бұл көрсеткіш 7300-ге жетіп отыр. Қой мен ешкі 27149 болып, биылғы жылы 28230 басты құраса, жылқы 854 бастан 994-ке жетті. Шошқа тек Тасқала ауылында ғана бағылуда. Өткен жылмен салыстырғанда шошқа санында өзгеріс жоқ, – дейді аудандық ауылшаруашылық бөлімінің бас маманы С.Ертілеуова.

Алдына салған малын көбейтуді ойлап, күні-түні еңбек еткен шаруалар өткен жылдан бері атқарылған жұмыстың жемісін көрген. Мысалы, «Бек» шаруа қожалығының иесі Б.Көшалиев жылқы малының өскенін жасырмады.

– Мал басының өсуі оны баққан адам үшін маңызды. Әсіресе шаруашылық болғандықтан, малдың көбеюіне мән бересің. Өткен жылдан бері, Аллаға шүкір, жылқы басына бас қосылды. Сиыр саны да артты десем болады. Бұл жерде бақташылардың еңбегі зор. Қыста даланың қасқырынан сақтап, жазғытұрым шыбын-шіркейден тазалау үлкен еңбек, – дейді ол. Өзге шаруашылық иелері де ірі қараға қоса қой санының өскенін жеткізді. Олардың айтуынша, бақташылардың бағына орай биыл табиғаттың да бергені мол болыпты. Қыстың ерте кетіп, түліктің ауызы көкке ерте іліккенінің де мал басының көбеюіне үлесі тиген екен. «Мал баққанға бітеді» дейді халық нақылы. Ендеше, түліктің бабын тауып, санын арттыра алған шаруалардың еңбегі еш кетпегені бәрімізге жақсы болар. Қиын-қыстау кезеңде халқымыздың аузы ақтан арылмағай.

Әсем Серікқали

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале