1.02.2018, 11:52
Оқылды: 20

Тасқалада үш қабатты екі үй салынады

Тасқала ауданының әкімі С.Әлиев ақсақалдармен кездесті. Аталмыш шараға аудандық мәслихат хатшысы С.Рахимов пен аудан әкімінің орынбасары Л.Жұбанышқалиева, ардагерлер кеңесінің төрағалары мен кеңес мүшелері, еңбек ардагерлері қатысты.

- Биыл Жайықбай каналын көтеру, Тасқала ауылдық округіне қарасты елді мекендерге су өткізу мәселелері, Маметова және Шамов көшесіндегі бітпеген жолды аяқтау жұмыстары тұр. Оған қосымша аудан орталығындағы көшелерді жөндеу үшін 31 көшеге ұзындығы кем дегенде 5 шақырымды құрайтын 4 жоба жасалған. Жақында  бірінші жобаның  сараптамасы  дайындалуы жақын. Қалған үш жоба да біртіндеп іске асырылатын болады, -деді аудан әкімі.

Сонымен қоса орталықтан үш қабатты 72 пәтерлі екі үйдің салынатынын айтып өтті. Бір үйде 65 шаршы метрді құрайтын 1-2 бөлмеден тұратын 36 пәтер болмақ. Сонымен қатар жаз айынан бастап пилоттық жоба негізінде био септиктерді орналастыруды да жоспарда бар.

Өз кезегінде сөз алған ақсақалдар аудан әкіміне ұсыныстарын білдірді. Әсіресе соңғы бес жылда құрылыс нысандарының бой көтермегенін, сондықтан тағы да қосымша тұрғын үй салу керектігін айтты. «Сәулет» ықшамауданы аумағында мектеп салу мен  балабақша мәселесі де назардан тыс қалмады.

Жиында аудандық аурухана қызметіне көңілдері толмайтындарын, соның ішінде бітпейтін ұзын-сонар кезекті бірізділікке салу немесе  табло орнату, қалаберді маман тапшылығы мен аурухана есігінің тек сағат 9-да ашылатынын жеткізді. Бұл алыс ауылдардан келгендер үшін қолайсыз екендіктерін ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Балыков пен еңбек ардагері А.Жұбанышев  алға тартты.

Пошта мәселесі де назардан тыс қалмады. Ауылдарда пошта қызметкерлерінің жетіспейтіні, еңбекақыларының аздығынан бұл жұмысқа ешкімнің тұрақтағысы келмейтіні тағы бар. Мұнымен қоса газет-жорналдардың уақтылы жетпейтінін айтты.

Кездесуде көтерілген мәселелер назарға алынып, ескерілетін болады.

Өз тілшіміз

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале