2.12.2020, 9:47
Оқылды: 64

Тасқалада үздіктер марапатталды

Өткен аптада аудандық жастар ресурстық орталығы мен «Намыс» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен аудан әкімдігінің үлкен залында «Жыл үздігі – 2020» аудандық жастар премиясын табыстау рәсімі өтті.

DSC_0055 (1)

- Тасқаланың биік шыңға ұмтылған білім мен өнерді, еңбекті қос қанатындай самғатқан жалынды жастарын аудан әкімі Алдияр Халелов құттықтады. «Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Ертеңгі елдің бек тірегі, болашақтың бастауы, еліміздің бәсекеге қабілеттілігінің негізі. Ал бәсекеге қабілетті болу үшін өскелең ұрпақ ұлылардың ұлағатты өмір жолынан үлгі алып, келешекке кедергісіз жету мақсатында аянбай еңбек ете білуі керек. Өйткені ел болашағы жастарымыздың білімдері мен күш-жігерлеріне, патриоттық сезімдеріне тікелей байланысты. Алдағы уақытта да білім мен біліктіліктеріңізді тәуелсіз еліміздің өркендеуіне арнап, жастар саясатын дамытудағы мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуына үлес қоса беретіндеріңізге сенемін. Еңбектеріңізге зор табыс, дендеріңізге саулық тілеймін, - деді аудан басшысы өз сөзінде.

Жиынға қатысқан жастар он төрт аталым бойынша марапатталды. Волонтерлар жылында белсенділік танытып жүрген бірқатар жастарға алғыс хаттар табысталды. Сонымен қатар Волонтерлар жылы аясында Тасқала жастары нәтижелі еңбек етіп, пандемия кезінде жұдырықтай жұмылып, бір мақсаттағы қызметі үшін еңбектері еселеніп, ҚР Президентінің 16 қарашадағы №324 Жарлығы бойынша «Халық алғысы» медалімен марапатталды.

Жастар премиясын табыстау рәсімі Жангелді Шомановтың орындауындағы «Ұлы дала» әнімен өз мәресіне жетті.

Болат Бек,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале