26.11.2019, 12:04
Оқылды: 172

Тасқалада волейболдан турнир өтті

Тасқала ауданында кәсіптік білім беру қызметкерлері арасында Әділбек Алдамжаровты еске алуға арналған волейболдан Х облыстық дәстүрлі турнир өтті.

Оның ашылу салтанатына Ә.Алдамжаровтың әкесі Төлепқали Алдамжаров, ұлы Шыңғыс, достары Сырым Тельманұлы мен аудандық мәслихат хатшысы С.Рахимов және аудандық қариялар үйінің директоры Г.Тұрғанәлиев, колледж ұжымы қатысты.

Шарада алғаш сөз алған Тасқала колледжінің директоры Данияр Дүйсенғалиев айтулы тұлғаның өмір жолдарына тоқталып, Әділбек Алдамжаровтың колледжге басшылық жасаған уақыттағы жеткен жетістігі мен адамгершілік қасиетін тілге тиек етті. Колледж ұжымының атынан әкесіне шапан жауып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Одан әрі сөз алған Төлепқали аға жыл сайын баласының атына турнир ұйымдастыратын колледж ұжымына шынайы алғысын білдірді.

tasqala sport (3)

Әділбек Төлепқалиұлы 1962 жылы Гурьев облысы Теңіз ауданы Сүйіндік ауылында дүниеге келген. 1985 жылдан еңбекке араласып, Орда ауданының Искра совхозында зоотехник, бас мал дәрігері қызметтерін атқарды. 1995 жылы Тасқала ауданына қызмет бабымен қоныс аударып, 2000 жылы Достық ауылдық округі әкімі, 2003 жылы аудандық мәдениет бөлімі меңгерушісі, 2003-2005 жылдан өмірінің соғы күніне дейін №20 кәсіптік мектеп директоры лауазымдын абыроймен атқарған.

Турнирге барлығы 9 команда қатысты. Оның өтуіне інісі Ақылбек Алдамжаров, ұлы Шыңғыс, сондай-ақ «Теміржан» шаруа қожалығы, Тасқала колледжнің ұжымы, жеке кәсіпкер В.Пустабаев демеушілік жасады. Турнирге нәтижесінде І орынды (50000 теңге) Жәңгір Хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті командасы иеленді. Ал ІІ орын (30000 теңге) ЖаҺанша Досммұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжі командасының еншісіне бұйырса, ІІІ орынды (20000 теңге) Жаңақала мен Тасқала аудандарының колледждері өзара бөлісті. Еламан Бекжанұлы (БҚАТУ) үздік ойыншы, Айсұлу Сабиева (педколледж) үздік байланыстырушы, Сұлтан Гайнуллин (Жаңақала) үздік шабуылшы, Жангелді Бисенов (Тасқала) үздік қорғаушы номинацияларына ие болды.

Болатбек Сапарғалиев

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале