14.12.2017, 18:26
Оқылды: 49

Тасқалада жас мамандарға тұрғын үй кешені пайдалануға берілді

 

кешен (3)Тәуелсіздік күні мерекесіне орай Амангелді ауылдық округінде Шежін желілік өндірістік басқармасының жас мамандарына арналған кешен ашылып, қолданылуға берілді. Мерекелік шараға «ИнтерГаз Орталық Азия» акционерлік қоғамының бас директорының бірінші орынбасары Мұқатай Шанбатыров арнайы келіп, қызметкерлерді құттықтады.

Салтанатты жиынға аудан әкімі С.Әлиев, «Республикалық газ саласы ардагерлерінің кеңесі» қоғамдық бірлестігінің БҚО бойынша филиалының директоры В.Лехман мен сала ардагерлері, ауыл тұрғындары қатысты.

Жиналғандарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтаған «ИнтерГаз Орталық Азия» акционерлік қоғамының бас директорының бірінші орынбасары М.Шанбатыров пен аудан әкімі С.Әлиев қызметкерлерге сәттілік тіледі.

-Кезінде ауылдың бой көтеруіне зор үлес қосқан ұйым бұл күні болашақ игілігі үшін қызмет атқаруда. Оған осы жас мамандарға арнап салынған кешеннің өзі дәлел болады. Қызметкерлерін жұмысқа орналастырып қана қоймай, оларға барынша жағдай жасап тұрған Шежін желілік өндірістік басқармасы ұйымына алғысымды білдіріп, үлкен табыс тілеймін,-деді Мұқатай Үмбетайұлы.

Құрылысы 2015 жылы басталған кешен 2018 жылы қолданысқа беріледі деп жоспарланған. Бұл жөнінде аталмыш орталықты салған мердігер «Сенім К» ЖШС директоры Бекболат Шаканов хабардар етті.

– Жұмысшыларымыздың арқасында құрылыс келісілген уақытынан ерте аяқталды. Бұл қызметкерлеріміздің уақытпен санаспай атқарған еңбегінің жемісі. Жалпы құрылыс көлемі 2750 шаршы метрді құрайды. Қазір бұл аумақта жалпы аумағы 598,1 шаршы метр құрайтын 33 адамға арналған екі қабатты жатақхана мен жалпы аумағы 393,86 шаршы метр болатын спорт кешені және екі қабатты 418,30 шаршы метр аумақты алып жатқан 10 пәтерлік тұрғын үй бой көтерді. Сондай-ақ арнайы медициналық бөлімдеріміз жұмыс жасайды. Құрылыстың жалпы соммасы 994,0 млн теңгені құрайды, -деді өз сөзінде «Сенім К» ЖШС директоры Б.Шаканов.

Салтанатты шара барысында мердігерлік ұйымның директоры Б.Шаканов «ИнтерГаз Орталық Азия» акционерлік қоғамының бас директорының бірінші орынбасары М.Шанбатыровқа жаңа кешеннің кілтін табыстады. Мұнан соң жиынға қатысушылар кешеннің ішін толықтай аралап, атқарылған жұмыспен танысты, жаңа жерге қоныс аударған пәтер иелеріне тілектерін арнады.

Әсемгүл Бекешева,

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале