18.01.2018, 18:49
Оқылды: 29

Тасқалалық әйелдер шақалақтарға киім тоқуда

Жуырда аудандық мәдени-демалыс орталығында жаңа үйірме өз жұмысын бастады. Оған «Тасқала әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Вердана Завгарина жетекшілік жасауда.

Қазақтың байырғы қолөнерін дәріптеген үйірме қатысушылары түрлі бұйымдар тоқумен айналысады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған үйірменің басты мақсаты - кішкентай шақалақтарға арналған киім-кешек дайындау.

- Біздің үйірме тікелей еріктілермен бірігіп қызмет атқарады. Құрамы 11 адамнан тұратын үйірмеде ерікті Әсем Батырашева да бар. Ол көп жылдан бері облыстық перенаталдық орталықпен байланыс жүргізіп келеді. Тіпті зейнеткерлер мен жастар да осы істің басынан табылып отыр. Тоқуды білмейтін қыз-келіншектер келіп үйреніп жүр. Жалпы қолымыздан шыққан дүниелерді перенаталдық орталықтағы шала туған нәрестелерге жібереміз. Алғашқы жоспарымызды наурыз айында орындауды мақсат етіп отырмыз,-дейді Вердана Сибағатқызы.

Байқағанымыздай бұл үйірме бұйымдарды таза жүннен есілген жіптен тоқиды. Бұның мән-жайы туралы Вердана ханым кеңінен көсілді.

– Қарапайым дүкендерден сатып алынған киім-кешектен гөрі таза жүннен тоқылған киім бала денсаулығына оң әсерін береді. Жүннен тоқылған киімді киген баланың үсті қышығандықтан, ол амалсыз қимылдап, әрекет етеді. Осылайша буын қозғалысқа түсіп, денсаулығы жақсаруына алып келеді,-дейді.

Құрылғандарына көп уақыт болмаса да біреуі жіп әкеліп, енді біреуі ине тауып жоқтан бар жасап отыр. Аптаның сәрсенбісінде сағат 15:00-ден 17:00–ге дейін жұмыс жасайтын үйірмеге қалаған жанның баруына рұқсат. Қарапайым іс арқылы қайырымдылыққа жол ашып, игі істі бастап отырған қолөнершілерімізге демеушінің де қажет екені жасырын емес.

Әсем СЕРІКҚАЛИ,

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале