27.10.2020, 9:43
Оқылды: 94

Тасқалалық ардагерлер «Ақжайық» шипажайына демалып келді

Осыдан он күн бұрын «Ақжайық» шипажайына ауданымыздың бір топ ардагерлері демалу мақсатында жолға шыққан еді. Күні кеше ғана аталмыш шипажайдан демалып қайтқан ардагерлеріміздің көңіл күйін білген едік.

11111

– Ақжайық шипажайына демалуға барасыз деген кезде қатты қуандым. Өзім бірінші рет бара жатқандықтан ба, әйтеуір қуанышымда шек болмады. Аудан орталығынан автобусқа отырып, бір топ ардагерлермен бірге мен де аттандым. Осы жерде аудандық және ауылдық ардагерлер кеңесінің азаматтарына алғысымды жеткізгім келеді. Ақжайық шипажайында емделіп, одан басқа концерттік бағдарламаларды тамашаладық. Тамағымыз тоқ, бір сөзбен айтқанда жақсы демалыс болды, – дейді зейнеткер ана Людмила Подолинская.

– Ақжайық шипажайына тоқтаған кездегі алған әсеріміз ерекше. Ауа райының жазға бергісіз жылы шуағы, алтын күздің сары ала жапырақтары мен бойлары тіп-тік жасыл шыршалар бірден көздің жауын алады екен. Өте әдемі, сұлу табиғат! Есіктен кірген бойда аман-саулықты сұрасып таныса бастаған қарияларға «қай ауданнан келдіңіздер?» деген сауалды қоюшылар көп болды. Біз тасқалалық екендігімізді мақтанышпен айттық. Ауданымыздың әкімі Алдияр Халелов демеушілік жасап, аталған шипажайға демалу үшін зейнеткерлерге жолдама бергенін қарияларымыз әңгімелеп жатты. «Жиырма адамға жолдама беру үлкен шаруа ғой, соның ішінде қазіргі мынадай жағдайда. Әкімдеріңіз азамат екен», – деп таңданғандарын өз көзіммен көрдім. «Азаматына қарап ауылын таны» дегендей, ауданымыздың жетістігін әңгіме барысында қарияларымыз мақ­танышпен айтып жатты. Тасқаламыз күннен-күнге жақсарып, жайнап келеді. Көшелеріміз таза, гүлге оранған, жолдарымызға асфальт төселген, тақтайдай тегіс. Тіршіліктің нәрі саналатын суымыз әр көше мен әр үйге жеткізілуде. Осыдан артық не керек?.

Осындай игілікті істерді шалғайдағы ауылдарымыз да көріп отырғанын кеудені кере, зор мақтанышпен айттық. Кеше бізді осында бастап алып келген ауданымыздың ішкі саясат бөлімінің басшысы Думан Ғазез және ардагерлер алқасының төрағасы Жәрдемғали Балыков деген азаматтар қасымызда қамқорлап қызмет жасап жүрді. Дана халқымыздың «Сыйласаңыз кәріңді, жарылқармын бәріңді» деген сөзі олардың әңгіме, сөзінен де, көзінен де көрініп тұрғандай. Көп кешікпей Тасқаладан концерт келіп жатыр деген тосын сый баршамызды елең еткізді. Көрермен залына шипажайдың демалушылары карантиндік режимді сақтай отырып жиналды. Сахна төріне ішкі саясат бөлімінің басшысы Думан Ғазез көтеріліп, демалушыларға аудан әкімінің сәлемін жеткізіп, қайырымдылық концертінің шымылдығын ашты. Ауданымыздың өнер саңлақтары күмбірлетіп күй төгіп, асқақтата салған әндерімен көрменге көңіл күй, рухани азық сыйлады. Міне, біздің Тасқала осындай деген мақтанышпен біздің де мерейіміз асқақтап тұрды. «Ақжайық» шипажайында дем алып, ем-шара алған уақытымыз да аяқталды. Зейнеткер қарияларды тегін алып келген көлігіміз, тағы да тегін алып кетуге келіп тұр. Тамаша көңіл күймен «Ақжайық» шипажайымен қош айтысып, ауылымызға жеттік. Алдымыздан аман-саулығымызды сұрап Думан Ғазез баламыз қарсы алды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген ізгі ниетпен ауданымыздың әкімі Алдияр Сансызбайұлы Халеловке үлкен рахметімізді айтамыз. Ел үшін жасап жатқан игі істерінің жемісін көрсін. Ал біз жақсылықтың жаршысы болуға әрқашан да дайынбыз, – дейді шипажайда демалушылардың атынан Роза Бейсханова.

Жалпы, бұл үрдіс биылдыққа аудандардың ішінен алғаш рет ұйымдастырылып отырғанын айта кеткен жөн. Бір емес, бірнеше ардагердің шипажайға барып, он күндік ем алып, жақсы демалып қайтуына демеуші табудың өзі оңай шаруа емес. Аудан әкімі Алдияр Сансызбайұлы еңбек ардагерлеріне жақсы демалыс сыйлауға ең алғаш ниет білдіріп, олардың алаңсыз демалып келуіне «Қарашығанақ мұнайгазконденсаты» кен орнымен келісім жасағанын айтып өткіміз келеді. Және олардың аудан басшысына айтар алғысы да шексіз. Оған қоса аудандық мәдени демалыс орталығының өнерпаздары қарияларымызға көтеріңкі көңіл күй сыйлау мақсатында шипажайға барып, өз өнерлерін көрсеткенін демалушылар да тамсанып айтады.

Темірболат Тоқмамбетов,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале