30.06.2020, 14:48
Оқылды: 56

Тасқалалық "супер" бухгалтер

Бала кезінен есеп-қисапқа жүйрік Галина кейін осы пәнге деген ынтызарлығы өмірлік мамандығын таңдауына ықпал ететінін білмегені анық.

7836C283-D342-42CF-A9A8-C3BFE13EDE4B

Бүгінде Тасқала аудандық мәслихатта қызмет ететін Проценко Галина Владимировна 1962 жылы, 12 қыркүйекте Камен ауданында (қазіргі Тасқала ауданы) өмірге келіпті. Әкесі Владимир Проценко Ленин совхозында меңгеруші қызметін атқарған, кейін СПТУ директоры болған. Галина апамыз Карл Маркс (қазіргі Ы.Алтынсарин) атындағы мектептің түлегі. 1979 жылы 10-сыныпты бітіре сала, Орал қаласындағы кооперативтік техникумда «есеп және аудит» мамандығы бойынша сырттай оқуға түсіп, оны 1982 жылы бітіреді. Бұл мамандықты таңдауына анасының есепші болуы ықпал еткені анық. Алғашқы еңбек жолын Камен аудандық ақпараттық есептеу станциясында оператор болып бастайды. Кейін осы мекемеде мамандығы бойынша қызметке ауысады. Отбасындағы үш қыздың ортаншысы. Үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық сынды қасиет бұл шаңырақта қалыптасқан тәрбие.

Мектеп кезінен математика пәніне деген сүйіспеншілік Галина Владимирқызын заманға лайық болуға үндеді. Ол уақытта мектепте компьютер деген болмағаны белгілі.

-Бала кезімнен электронды есептегіш машиналарға қызықтым. Сол мақсатпен Мәскеу қаласына оқуға бардым. Ол арманым орындалып, сырттай оқуға түстім. Аталмыш оқу орнында екі жылдай оқып, тұрмысқа шығуыма байланысты оқудан шығып кеттім. Кейін заман өзгерді. Жаңа технологиялар пайда болды. Өзім қызыққан компьютер мені жанына серік қылды, – дейді риясыз жымиып.

Өмір бір қалыпта тұрмасы анық. Кейіпкеріміз өмірлік жұбайы Сергей Проценкомен 1982 жылы тұрмыс құрады. Азаматы екеуі 2 ұл-қыз тәрбиелеп өсіреді. Олардың білім алып, азамат болып қалыптасуларын қамтамасыз етеді. Бүгінде асыл жарынан ерте айырылып қалғанымен (қайтыс болған), ұл-қызының қызықтарын көруде. Қызы Наталья тұрмыста, баласы Василий Ақсай қаласында КПО-да жұмыс істейді. Қазіргі таңда 3 немересі бар. Галина апаның хоббиі – спорт. Мемлекеттік қызметшілер арасында өтетін спартакиадада жүгіру, секіру сайыстарында үш рет топ жарып, жеңімпаз атанғаны бар. Г.Проценко 2005 жылы мемлекеттік қызметке орналасады. Ал 2006-2009 жылдар аралығында БҚАТУ-да сырттай білім алады.

– Топта жасы үлкені мен болдым. Бірақ жастардың арасында өзімді еркін сезіндім. Оқу маған өте жеңіл болды. Алғашында қашықтан оқыдым. Тапсырмалар беріліп, соларды орындадық, Кейін қашықтан оқу жабылып қалып, сырттай оқуға көштік. Маған оқыған, студент болған өте ұнады. Қазіргі таңда бір топта оқығандар араласып тұрамыз. Мемлекеттік қызметке келместен бұрын ауруханада, коммунхозда есепші қызметін атқардым. Алғашында қаржы және экономика бөлімінде есепші болдым. 2013 жылдан бастап мәслихатқа жұмысқа кірдім. Көмек сұраған адамға барымша көмек қолын созамын. Бір кездері отбасылық жағдайыма байланысты 9 жылдай жұмыс істемедім. Бірақ жұмысқа оралысымен бәрін оқып, тез есіме түсіре алдым, – дейді Галина Владимирқызы.

Ол 1984 жылы еңбек жолын бухгалтер қызметінен бастап, әртүрлі мекемелерде сол лауазымдағы қызметін үлкен жауапкершілікпен жалғастыра келе, 2005 жылы аудандық экономика және қаржы бөлімінде бухгалтер, 2014 жылдан бастап аудандық мәслихат аппаратының бас маман-бухгалтері қызметін абыроймен, табандылықпен атқаруда. «Маған есепші қызметі өте ұнайды. Ол менің кәсіби қызметім және әрқашан жас бухгалтерлерге көмектесуге дайынмын», – деп отыратын кейіпкеріміз әрдайым жас әріптестерімен тәжірибесін бөлісуге әзір тұрады. Ол мемлекеттік қызметімен бірге ауданның мемлекеттік қызметкерлері кәсіподағының төрайымы қоғамдық қызметін зор жауапкершілікпен атқарып келеді. Еңбегі жоғары бағаланып, 2015 жылы мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының «Құрмет» грамотасымен, Қазақстан Республикасының кәсіби бухгалтерлер палатасының – «Супер бухгалтер» атағымен, 2014-2018 жылдары аудандық мәслихат хатшысының алғысхаттарымен, 2016 жылы Тасқала ауданы әкімінің алғысхатымен марапатталды. 2020 жылы кәсіподақта атқарған жемісті еңбегі үшін «Кәсіподақ қайраткері» медалімен марапатталды.

Болатбек Сапарғалиев

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале