29.06.2018, 15:00
Оқылды: 51

Тасқалалықтар «Аңыз болған абысындармен» танысты

 

Дариға (3)Отбасы құндылығын дәріптеп, әйел мықтылығын көрсеткен «Аңыз болған абысындар» шығармасының авторы оқырмандармен жүздесті.

«Қиындық деген – қайрақ. Оған қаңылтырды жанысаң кетіледі, болатты қайрасаң жетіледі. Кетілмеді, жетілді қайран, қайсар үш Ана – үш абысын. Содан да олардың өздері – абыз, аттары – аңыз болды елде». Осы бір үзіндіден-ақ кітап сырына деген  қызығушылығың арта түседі. Әйел жанының төзімділігі мен қайсарлығын сипаттаған шығарманың бүгінгі таңдағы өзектілігі де айшықтала түсетіндей.

Әлі сиясы кеппесе де оқырманын тауып үлгерген «Аңыз болған абысындар» кітабының авторы, Қазақстан Республикасы Білім беру саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» және Ы.Алтынсарин медалінің иегері, ақын Д.Мұштанова ауданымызға табан тіреп, жыр сүйер қауыммен кездесті. Сондай-ақ қонақтар қатарында ақын, жұбантанушы, Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі Үзілдік Елеубайқызы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Ғ.Құрманғалиев атындағы БҚО филармониясының әншісі Еркін Өтегенов пен Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрының актрисасы, Мәдениет саласының үздігі, «Стоби - 2017» Македония халықаралық театрлар фестивалінінің «Үздік әйел» аталымының жеңімпазы Нұрлыгүл Жұбатова болды.

Алдымен үлкендер қолынан дәм татқан қонақтар «Ақ тілеу» әжелер ансамбілінің  бөлмесіне өтті. Дөңгелек үстел басында жиналғандар ақынға қош келдің білдірді. Әдемі әңгіме мен келелі кездесудің бір парасы осы жерде орын алды.

Көпшілікке рухани қазынадан нәр берген басқосудың бір бөлігі аудандық мәдени-демалыс орталығының сахнасында жалғасты. Жалпы кітаптың шығу тарихы мен жазылуы, автордың айтар ойын жиналғандар ақынның өз аузынан естіді.

-Қазақ әйелі қай кезде де намыс пен абырой, ар мен ұят дегенді ойынан шығарған емес. Ұрпағын да саналы етіп тәрбиелеп, адамгершілік пен имандылықты, ұят пен ибаны бойына сіңірген. Шығармамның кейіпкерлері тағдыр тауқыметімен бетпе-бет кездессе де тауы шағылмаған жандар. Олардың бейнесі бүгінгі жас буынға үлгі болу керек,- деді Дариға Ғазизқызы.

Кеш барысында ақын сөзіне жазылған әндер орындалып, Нұрлыгүл Өтемісқызы аталмыш шығармадан үзінді оқып берді. Шаңырақтың ­­­үлкен келіні Сақыпжамалдың боранды күні көштен түсіп қалған құндақтағы сәбиді тауып алып келуі, баланың анасы мен қауышуын сипаттап берген үзінді көрермендердің көзіне жас та келтірді.

Мұнан соң сахнаға көтерілген аудан басшысы А.Халелов авторға шығармашылық табыс тіледі.

-Шығармамен өзім де таныстым. Өмірдің сан қырын сипаттаған, әйел тағдырын бейнелеген кітаптың оқырманға берер тәрбиесі, қалдырар әсері мол. Ең бастысы отбасы құндылығы қажетінше дәріптелген. Сізге оқырман қауым атынан алғысымды білдіремін,-деді. Сондай-ақ ақын иығына ақ жаулық пен шапан жауып, алғыс хат табыс етті.

Әсем Серікқали

Тасқала ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале