7.02.2018, 11:13
Оқылды: 44

Тасқалалықтар «Смарт ауыл» жобасын қолға алмақ

Бұл туралы аудан әкімі Санжар Жұматайұлы халық алдындағы есептік жиында айтты. Жиналысқа облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысуда.

-Елбасы Жолдауында көрсетілген 10-шы бағыт бойынша қалаларда «Смарт Сити» технологиясын енгізу жұмыстары аудан деңгейінде мүмкіндікке қарап жұмыстанып жатырмыз. «Смарт ауыл» деген атаумен концепция жасап, жұмысымызды бастағымыз кеп отыр.

Оның ішіне барлық коммунальдық төлемдерді, несиелерді кезекке тұрмай интернет арқылы төлеу, мемлекеттік қызметтерді электронды алу, халықтық бақылау, жол қауіпсіздігінің, қылмыстың алдын алу үшін бейне бақылау камераларын орнату, ауылішілік жолаушылар автобусының қай жерде келе жатқанын электронды бақылау, көшелерді электр үнемдегіш шамдармен жарықтандыру жобалары енгізілетін болады.

Сонымен қатар ауылымызда орталықтандырылған кәріз жүйесі болмағандықтан, биыл 2 көппәтерлі үйге аэрофобты биосептик орнату жоспарланып отыр. Егер жоспар сәтті өтсе, алдағы уақытта бірнеше үйлерді біріктіріп, ортақ биосептик орнататын боламыз.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша 2 жобамыз дайын. Олар Қ.Сәтпаев атындағы жалпы білім беретін орта мектеп ғимаратының күрделі жөндеуі, оның сервистік қызмет көрсетілуі және 280 орындық балабақша құрылысы. Қазір конкурс ойнатылуда.

Сонымен қатар мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы 320 көрерменге арналған  денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы және көше шамдарын орнатуға құжаттар дайындалуда.

Біз биыл аудан бойынша «Ең таза көше» конкурсын ұйымдастырмақшымыз. Оған барлық ауылдық округтердегі және аудан орталығындағы көшелер қатыса алады. Конкурс ережесіне сәйкес жыл соңында жеңімпаз көшеге 5 млн. теңге қаржы бөлінетін болады. Ол келер жылдың бюджетіне салынып, алдағы жылы сол көшенің абаттандыру жұмыстарына жұмсалады, - деді аудан әкімі.

 zhaikpress.kz

Сурет: Айбатыр Нұраш 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале