12.03.2018, 11:39
Оқылды: 15

Тасқынның алдын алу жұмыстары пысықталды

Облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев, БҚО төтенше жағдайлар департаментінің басшысы, генерал-майор Жасұлан Жұмашев пен БҚО бойынша РМК «Қазгидромет» филиалының директоры Нұржан Шияп іссапармен Тасқалада болды. Олар  су тасқынының алдын алу мақсатында ауданда атқарылып жатқан  жұмыстармен танысып, қауіпті деген орындарды аралап көрді.

Алдымен, жұмысшы тобы ауылға кіре берістегі тасжол астындағы су сақиналарының жай-күйімен танысты.

- Өздеріңіз көріп отырғандай,  кешегі боранның салдарынан біз ойлағаннан да көп қар түсті. Қазіргі таңда  жолдарды тазалау жұмыстарына толықтай  кірісіп кеттік.  Ауыл ішілік жолдардың 80 пайызы ашылды. Ал, Атамекен, Оян, Мереке ауылдары бағытындағы жолдарды аршу үшін  техника кетті.  Дүйсенбі, яғни  12 наурыздан бастап ауыл ішіндгі қарларды шығаруды бастайтын боламыз. Кешегі күнгі боранға дейін  2300 тонна қар шығарылып үлгерген болатын. Сонымен қатар өзен еріген уақытта су еркін ағу үшін  су жүретін жолдарды талдардан тазалау бағытында сенбілік ұйымдастырылып, жұмыстар жүргізілуде, - деді аудан әкімі Санжар Жұматайұлы.

Сонымен қатар Бағдат Оразалдыұлы бастаған жұмысшы топ төтенше жағдайларды болдырмау үшін су тасқынының алдын алу бағытындағы жұмыстарды тағы бір пысықтап, алдағы жоспарларды талқылады. Деркөл өзені бойындағы мұз кептелісінің қаупі бар жерлердегі талдарды кесумен айналысып жатқан Тасқала ауылдық округі, аудандық мекемелер мен аудандық төтенше жағдайлар  қызметкерлерінің қатысуымен ұйымдастырылған тазалау жұмыстарын көрді.

Облыс әкімінің орынбасары Бағдат Оразалдыұлы аудан бойынша тасқынның алдын алу үшін қаражатты дұрыс пайдаланып, қажет жағдайда көмек беруге уәде етті.

Назгүл Серікқызы

Тасқала ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале