26.02.2019, 11:35
Оқылды: 50

Тасқынның алдына алу үшін Қазталов ауданы күшейтілген жұмыс тәртібіне көшеді

Қазталов ауданында су тасқынының алдын алу жұмыстары басталып кетті. Осыған орай аудан әкімі Абат Шыныбеков Жалпақтал ауылында болып, төтенше жағдайға дайындық пысықталып, ауыл әкімдері мен мекеме-кәсіпорын басшыларына тиісті тапсырмалар берілді.

qazqar (2)

–Су тасқынының өте үлкен қаупі бар. Біздің міндетіміз қолдағы бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып, халыққа, ғимараттарға қауіп төнбеуін, экономикамызға шығын келтірмеуін қамтамасыз ететін бірлескен шешім қабылдауымыз керек. Төтенше жағдайға әзір болу қажет. Төтенше жағдайлардың алдын алу және зардаптарын жою жөніндегі комиссия мүшелері осы кезеңде ешқайда кетпей, өз жұмысына аса жауапкершілікпен қарағаны жөн. Тасқынға тас-түйін дайын болуымыз қажет,— деді Абат Абайұлы.

Жиын барысында Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Самиғолла Ақмурзин ауыл ішіндегі арықтарды тазалау жұмыстарының қолға алынғандығын айтты. Қараөзен, Жаңажол ауылдық округі әкімдері Мұрат Рахметуллин, Қайыржан Өмірәлиев, «Қазсушар» Қазталов ауданы бойынша өкілі Еркебұлан Ермұханов су тасқыны кезінде дайындық жұмыстардың басталғанын айтып, хабарлама жасады. Автобаза, Құлақ, Жиеш, Ғайса, Гүрілдеуік көпірлері мен бөгеттеріне топырақ әзірлеу жайы да айтылды.

-Қауіпті жерлерді түгелдей аралап шығамыз. Ауыл жастарының басын біріктіріп, үлкен кісілердің, көп балалы отбасылардың ауласынан қарды шығаруға көмек көрсетуіміз қажет. Қолда бар техниканы жұмылдырып, бүгіннен бастап күшейтілген жұмыс тәртібіне көшеміз. Су тасқыны бола қалған жағдайда Жұлдыз, Жалпақтал, Қараөзен, Жаңажол ауылдарын жіті бақылап, жағдайды қадағалауды Жалпақтал ауылдық округі әкімінің орынбасары Меңдіхан Мұқасұлына тапсырамын,-деді аудан әкімі.

qazqar (4)

Тұрарбек Қайырғали,

Қазталов ауданы

© zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram -дағы парақшамыздан және Telegram каналымыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале