31.01.2018, 11:07
Оқылды: 20

Тегін жатқан қоян бар ма?

Ақжайық ауданының №2 сотында заңсыз аң аулауға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Өткен жылғы желтоқсанның соңына таман, осы аудан тұрғындары А. және Ш. аңшылықпен айналысуға арнайы рұқсаттары жоқ бола тұра, Тайпақ ауылдық округіне қарасты Жүндіқұдық қыстағы төңірегіне автокөлікпен шығады. Ш. автокөліктің алдыңғы жолаушы жағындағы орындықта отырып, еш жерде тіркелмеген «Б» модельді 16-калибрлі қос ұңғылы аңшы мылтығымен екі жабайы қоянды атады. Сөйтіп, бұл заңсыз аң аулаудан олар мемлекетке 34 035 теңге көлемінде залал келтіреді.

А. мен Ш. әрекеттері ҚК-нің 337-бабының 1-бөлігімен, яғни автокөлік құралын қолданып, заңсыз аң аулау белгілерімен дәрежеленіп, екеуі 160 сағат қоғамдық жұмыстарға тартылды. Ал автокөлік мемлекет пайдасына тәркіленді.

Аталған сотта осының алдында да арнайы рұқсаттары жоқ және еш жерде тіркелмеген аңшы мылтығымен Е. мен У.-дің Алмалы ауылдық округі маңайынан 7 қоянды атып алуына (мемлекетке шығын 119122 теңге) байланысты қылмыстық іс қаралып, екеуі 160 сағат қоғамдық жұмысқа тартылып, автокөлік мемлекет пайдасына тәркіленген еді.

Болат ҚОСЖАНҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале