14.05.2018, 11:29
Оқылды: 48

Тегісшілде дала қызықтары өтті

Жәнібек ауданындағы Борсы ауылдық округіне қарасты Тегісшіл елді мекенінде шаруа қожалықтарының жетекшілері мен ауыл азаматтарының ұйымдастыруымен «Дала қызықтары» атты той өтті.

Ауылдың шетін ала екі киіз үй тігілген. Туған жерге деген сүйіспеншілік сол жердің тарихын білуден басталады десек, осы орайда тегісшілдіктер «Ғұмар Қараш – ұлт мақтанышы», «Жайық бойын жаңартқан тұлға», «Еңбек – ер атандырады» «Ел есімі – ел есінде» атты стенд дайындап шығарыпты. Онда халқына пана, еліне қорған бола білген, ел мерейін еңбегімен тасытқан ауылдың біртуар перзенттерінің өмірбаяны мен фотосуреттері көрініс тапқан.

Салтанатты шарада Борсы ауылдық округінің әкімі Айгүл Бекқалиева, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Біржан Қуанәлиев, ауыл тұрғыны Қобылан Беріков құттықтау сөз сөйледі.

Сондай-ақ мың бұралған би биленіп, күмбірлеген күй төгіліп, мәнерлеп өлең оқылып, әннен шашу шашылды.

Ұлттық ойындар кезінде үш шақырымдық тай жарысына бес ат қатысып, Нұрболат Шагировтың (Жәнібек) аты бірінші, Саят Ахметов пен Жасұлан Закаевтың (екеуі де Тегісшілден) жүйріктері екінші және үшінші болып келді. Он үш ат қатысқан құнан жарысында (9 шақырым) Нұрболат Шагировтың сәйгүлігі мәреге бірінші болып жетсе, қалған екі орынға Маралбек Әбіловтің (Борсы) жүйрігі мен Талғар Өтешевтің (Тау) тұлпары тұрақтады.

Қазақ күресінен түйе палуанды анықтауға арналған жарыс аса тартысты өтті.Сонымен, қарсыластарынан басым түскен жәнібектік Сырым Байсов түйе палуан атанды. Екінші, үшінші орындарды Бейбіт Аронов пен Серік Самодиянов (екеуі де Жәнібектен) бөлісті.

Арқан тартыстан «Тегісшіл» командасы жеңіске жетсе, қой көтеруден тегісшілдік Саят Ахметовке тең келер ешкім болмады. Ат үстіндегі аударыспақтан аудандық спорт мектебінің өкілі Мирас Берікбаев бірінші орынды иемденді. Той барысында жүлделі орындарға ие болғандар медаль, диплом, ақшалай және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Осылайша дала қызықтарының негізгі жүгін елді мекендегі шаруа қожалықтарының жетекшілері көтерген болса, оған ауыл тұрғындары да шама-шарқына қарай қаржылай қолдау көрсеткен. Алақандай ауыл азаматтарының ауызбіршілігі, жұдырықтай жұмылған бірлігі арқасында кереметтей той өтті.

Асқар ҚҰСАЙЫНОВ

Жәнібек ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале