18.04.2019, 12:35
Оқылды: 60

Теректі ауданы әкімі халықаралық байқаудың жүлдегерлерімен кездесті

Теректі ауданы әкімі Әділ Жоламанов Байқоңыр қаласында өткен «Ғылым əлемін ашамыз» атты халықаралық ғылыми жобалар байқауында жүлделі ІІ орын алған Шаған мектебінің оқушылары Даниял Сағын мен Алтынбек Қайырғалиевті және олардың жетекшісі Медет Бисекеновпен кездесті.

IMG_0010

         Қос шәкірттің жетекшісі, технология пәнінің мұғалімі, аудандық балалар шығармашылығы үйі жанындағы «Технополис» үйірмесінің жетекшісі Медет Есейұлы үйірме жөнінде, халықаралық байқауда қорғалған «Астрон-5» жобасы жөнінде баяндады. Төрт жыл бойы шәкірттерін ғылым жолын қууға тәрбиелеген ұстаздың бұл бесінші жобасы екен.

         -Бұл жоба - халықаралық ғарыш станциясында жұмыс істейтін ғарышкерлерді баламалы азық-түлік жəне оттегімен қамтамасыз ететін бірден-бір жоба. «Астрон» сөзі грек тілінен аударғанда «аспан әлемі» деген мағынаны білдіреді. Үйірмеге қатысып жүрген шәкірттерім биология, химия, физика, информатика, география пәндерінен арнайы қосымша курстан өтті. Жыл сайын түрлі жобаларды дайындап, облыстық, республикалық деңгейдегі сайыстарда бақ сынап жүрміз. Биылғы «Астрон-5» жобасының халықаралық деңгейде бағаланатынына сенімім мол болды. Өйткені, екі шәкіртім толыққанды дайындықтан өтті, - дейді Медет ұстаз.

         Қызылорда қаласында өткен халықаралық жастар слетына барып, қазақ ғарышкерлері – Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетов, АҚШ-тың NASA ғарыш агенттігінің өкілі, биолог-химик Пратапан Правин, SpaceX компаниясының қызметкері және әлемдік деңгейдегі ғарыштық проблемалар бойынша эксперт маман Майкл Лутомскиді көзімен көріп, дәрісін тыңдаған Даниял Байқоңыр қаласында «Союз» ракетасының ғарышқа ұшқан сәтін тамашалағандарын айтып, әсерімен бөлісті. Мектеп бітірген соң, жетекшісінің жолын қуып, технология пәнінің мұғалімі атануды армандап жүрген Алтынбек байқаудың өту барысын баяндады.

         Әділ Тауфикұлы халықаралық байқауда облысымыздың намысын қорғаған өрендер мен жетекшісіне, мектеп директоры Ұлмекен Сағынқызына сәттілік тілеп,  алғысхат және сыйлықпен марапаттады.

Аягөз Айтқалиева,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

IMG_0011 IMG_0013 IMG_0016

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале