1.02.2019, 16:55
Оқылды: 79

Теректі ауданы Ақұштап ақынның мерейтойын тойлауды бастады

Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» әдеби сыйлығының және әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, БҚО-ның құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының БҚО бөлімшесінің төрайымы, Ақжайықтың ақ шағаласы Ақұштап Бақтыгереваның 75 жасқа толуына орай өткізілетін іс-шаралар ақынның туған жері Теректі ауданында бастау алды.

terekti adr (1)

         Шарада сөз алған аудан әкімі Әділ Жоламанов елдің аяулы ақын қызына деген құрметтің шексіз екендігін айтып, жыл бойына өтетін шаралардың бірқатарына тоқталып өтті.

         -Ақұштап апамыздың тойы – елдің тойы, халықтың тойы. Қазақ әрдайым ақынын құрметтеген. Теректі ауданы ақынға да, жазушыға да, батырға да, жырауға да кенде емес. Өткен жылы даңқты жерлесіміз, жазушы Хамза Есенжановтың 110 жылдығын жоғары деңгейде атап өтсек, биыл ақын апамызға құрмет көрсетеміз. Жоспарда атқарылар жұмыстар жетерлік. Ақынды өлеңге қосатын ақындардың бас қосып, республикалық деңгейде мүшайра өткізуді жоспарлап отырмыз. Ауданның барлық кітапханаларында кітап көрмесі қойылып, жастар Ақұштап ақынның өлеңдерін жатқа оқудан сынға түседі. Эссе жазу, сурет байқаулары да аудан көлемінде ұйымдастырылады. Қорытынды шараны ақынның туған ауылында өткізіп, дала қызықтары арқылы ұлан-асыр тойға жалғаймыз. Ауданымыз ақын шығармашылығын насихаттап, есімін ұлықтауды бастаса, өзге аудандар осы бастаманы жалғастырады деп сенеміз,-деді аудан әкімі Әділ Тауфиқұлы.

          Шараға арнайы келген БҚО мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев, ақын Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айтқали Нәріков, ақын, Қазақстан Жазушылар және журналистер одағының мүшесі, «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының орынбасары Ғайсағали Сейтақ, жазушы, ақын, облыстық «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин, ақын, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Тілес Жазықбай, ақын, Қазақстан ақын-жыршылар одағының мүшесі Сағынтай Бисенғалиев секілді қонақтар ақын туралы жылы сөздерін айтып, ақын тойына сүбелі үлес қосуға дайын екендіктерін жеткізді.

         Шараға онлайн режимде қосылып, лебіз-құттықтауларын ҚР Ұлтық кіапханасының ұжымы және Ақжайық, Сырым, Казталов аудандары арнады.

         Федоров қазақ мектебінің оқушылары ақын өлеңдерін жатқа айтса, Подстепный ауылынан келген жас ақындар Ақұштап Бақтыгерееваға арнаған жырларын оқып берді.

terekti adr (2) terekti adr (3) terekti adr (4)

Әділет Әлібекұлы,

Теректі ауданы

© zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале