12.02.2019, 16:27
Оқылды: 31

Теректі ауданы көктемгі су тасқынына дайындықты күшейтті

         Бүгін Теректі ауданында аудан әкімі Әділ Жоламановтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі аудандық комиссия отырысы өтті.

 terekti tj (1)

         Күн тәртібіндегі 2018 жылы төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар қорытындысы және алға қойылған міндеттер туралы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас инженері Бейбарыс Нығыметжанов, көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық шаралары жөнінде аудан әкімі аппаратының бас инспекторы Бақытжан Исхожин мәлімдеді.

         -Аудан бойынша қар суын ағызу кезінде апаттық жағдайға жол бермеу және төтенше жағдайлардың туындау қатерін төмендету мақсатында жұмыстанып жатырмыз. Әрбір ауылдық округте қар суын өткізу штабтары, еріген қар суын бұру және сорғызу үшін оңтайлы топтар (барлығы 30 бригада) құрып, 30 бірлік техника жұмылдырамыз. Қазіргі таңда қолымызда 16 мотопомпа, 900 дана қап бар. Алдағы уақытта 7000 литр дизель, 5000 литр АИ-92 бензині, қосымша 3000 қап алуды жоспарлап отырмыз. Аудан аумағында 10 су қоймасы бар. Қазір олардың жағдайы қалыпты. Аудан ішінде су басу қаупі төнген 141 аула анықталды. Бүгінде бұл аулалардың қары шығарылып, су жүру жолы тазаланды. Жалпы аудан бойынша су тасқынының алдын алу үшін қызу жұмысқа кірістік, - деді Бақытжан Ғибадатұлы.

         Отырыста Подстепный ауылдық округінің әкімі Сержан Мадиев мәселелерді ортаға салды. Барлық округ әкімдері су тасқынына қарсы атқарар шаралары жайында мәлімет берді.

         Жиын соңында аудан әкімі Әділ Жоламанов биылғы қардың түсу қалыңдығы орташа - 45 сантиметр, кей жерлерде 62 сантиметрге дейін жеткенін айтып, дайындықты күшейтуді тапсырды. Комиссия мүшелеріне аудандағы көпбалалы аналардың үйіне барып, жағдайларымен танысып, кез келген жағдайда көмекке әзір болуларын айтты.

terekti tj (2) terekti tj (3) terekti tj (4)

Аягөз Айтқалиева,

Теректі ауданы

© zhaikpress.kz 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram -дағы парашамыздан және Telegram каналымыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале