12.01.2021, 9:53
Оқылды: 86

Теректі ауданы халқын таза сумен қамтамасыз ету 90 пайызға жетеді

2020 жылы 10 ауылға табиғи газ тартып, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Богданов, Приречное ауылдарында​ таза су құбырларын іске қосқан Теректі ауданында биыл да халық тұрмысын жақсартатын жобалар жүзеге асырылмақ.

 су 2

Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі берген мәліметке сүйенсек, жоғарыда аталған бағдарлама аясында биыл тағы төрт ауылға ауыз су құбыры тартылмақ. Подстепное ауылында 1 545 072 мың теңгеге, Пойма ауылында 621132,957 мың теңгеге су құбырлары жүйесі жаңғыртылады. Социализм ауылында құны 312693 мың теңге, Үлкен Еңбек ауылында 560086 мың теңге тұратын су құбыры желісі жаңадан салынады.

Тапсырыс беруші мекеме аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі конкурс жариялап, анықталған мердігерлер төрт ауылда су құбырын жасақтауға кіріседі. Құрылыс салу мерзімі әр түрлі. Мысалы, Подстепное ауылындағы құбыр жаңғырту 15 ай бойы жүреді деп жоспарланған. Ал Пойма ауылының су құбырын жаңғыртуға 9 ай қаралған. 6 ай ішінде Социализмге, 8 айда Үлкен Еңбекке су желісі тартылады деп жоспарланған.

Бұдан басқа тағы төрт ауылға таза су жеткізу жобасы дайындалу кезеңінде.

су

Құны 348 млн. теңге болатын Абай ауылындағы су құбыры,​ құны 329,2 млн. теңгені құрайтын Магистральное ауылындағы су құбыры құрылысының​ жобалық-сметалық құжаттамалары​ әзірленіп,​ ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысын алды.​ Талпын және Барбастау мекендерін сумен жабдықтауға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Жобалардың​ болжамды жалпы құны – 813 млн. теңге.​ Оның ішінде Талпын ауылындағы су құбырына 391 млн. тенге, Барбастау ауылында су құбыры құрылысын салуға 422 млн. теңге жұмсалады деп болжануда.

Аталмыш жобалардың барлығы​ нәтижелі іске асырылса, ауданның орталықтандырылған сумен жабдықтау көрсеткіші 90% дейін жетеді.

 

Камелия Қарекесова,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале