8.06.2018, 16:19
Оқылды: 32

Теректі ауданында кәсіби медиатордың көмегімен 2 жанұя отбасын сақтап қалған

Теректі  ауданына жұмыс сапарымен Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Леонид Прокопенко арнайы келді. Ол облыс әкімі, БҚО ҚХА төрағасы Алтай Көлгіновтің төрағалық етуімен өткен ХХІ сессия отырысына қатысқан болатын.

Төраға орынбасары Подстепный ауылындағы Мәдениет үйіне ат басын бұрып, Тұңғыш Президент күніне орай ашылған мәдени ошақтың қазіргі тынысымен танысты. Қолдарына қазақтың қара домбырасын ұстаған балғындар күйді күмбірлетіп, «Япурай» әжелер ансамблі әсем әнмен қарсы алды. Аудан әкімінің орынбасары А.Тоқжанов қысқа ғана уақыт аралығында Мәдениет үйінде жасалынған жұмыстардың біразын жіпке тізді.

Басты оқиға – Алғыс айту күнінде Мәдениет үйінде медиация кабинетінің ашылуы еді. Кәсіби медиатор З.Шатикова  осы кезге дейін 17 істі қарағанын, соның ішінде басым бөлігі ажырасу фактілері екендігін атап өтті. Медиация кабинетінің халыққа тигізіп жатырған пайдасы өте-мөте зор. Мысалы, кәсіби медиатордың көмегімен 2 жанұя отбасыларын сақтап, ажырасу деген «індеттен» аман қалған.

IMG_0065Одан соң Леонид Андреевич Подстепный ауылындағы қоғамдық келісім кеңесінің мүшелерімен кездесті. Кездесу барысында Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы, одан туындаған міндеттер мен тапсырмалардың орындалу бағыттары айтылды. Айта кету керек, қоғамдық келісім кеңесінің құрылуы жөнінде алғаш бастама көтерген БҚО, соның ішінде Теректі ауданы болатын. Бүгінгі таңда республика бойынша 3 мыңнан астам қоғамдық келісім ұйымы жұмыс жасауда. Бұған Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Леонид Прокопенко айрықша тоқталды.

IMG_0115Кезек аудан орталығындағы Достық үйіне де келді. Леонид Андреевич алты этномәдени орталықтың жұмысына қанығып, түрлі ұлт өкілінің өнеріне тәнті болды. Аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы  В.Кушнердің төрағалығымен өткен жиында ауданның қоғамдық келісім кеңес мүшелері Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасарымен кездесуге мүмкіндік алды. Дөңгелек үстел форматында өткен басқосуда Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» мақаласы кеңінен талқыланып, «5 әлеуметтік бастама» және мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы сөз болды.

-Аудандық деңгейде дәл осындай Достық үйлері тек БҚО және ШҚО-да ғана ашылған. Бұл  жетістікте облыс әкімі, БҚО ҚХА төрағасы Алтай Көлгіновтің де зор үлесі бар деп білемін. Елбасы жүктеген міндеттер мен тапсырмаларды тек сіз бен біз болып бірлескенде ғана атқара аламыз. Білімге ұмтылмайтын, халқы бір-бірімен жауласқан ел жетістікке жете алмайды. Татулық. Ең бастысы, бірлік,-деді басқосуда сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Леонид Прокопенко.

Жиын аясында аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, ауданның құрметті азаматы М.Төлегенов, «Сябры» беларусь этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы М.Плетеная және БҚО ҚХА төрағасының орынбасары Ғ.Қапақов сөз сөйлеп, қоғамдық келісім кеңестерінің рөлі, ауданда этномәдени орталықтар өткізген шаралардың бірқатарына тоқталды.

Жиынға арнайы келген қонақтардың арасында облыс әкімінің орынбасары Ғ.Оспанқұлов, облыстық қоғамдық келісім кеңесінің басшысы М.Қамбетов және ауданның құрметті азаматтары болды.

Әділет ОРЫНБАСАРОВ

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале