28.02.2018, 10:56
Оқылды: 40

Теректі ауданында медиация кабинеті ашылды

Подстепный ауылдық Мәдениет үйінде «Біздің жетістігіміз – бейбітшілік пен келісім» атты медиация кабинетінің ашық есік күні өтті. Алғыс айту күніне орай ұйымдастырылған шараға БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов қатысты.

Алдымен,  шараға қатысушылар Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының  кітап қорындағы  әдебиеттерден ұйымдастырылған көшпелі кітап көрмесін тамашалады. Көрме төрт бөлімнен тұрады. Көпшіліктің назарын аударған көшпелі кітап  көрмесінде латын қарпінде 1929-1940 жылдары шығарылған  көне кітаптар, кітапхана қорындағы  өлкеге қатысты сирек және раритеттік  әдебиеттер, Астана қаласында жарық көрген «Қазақстанның  өңірлік қасиетті нысандары», «Қазақстанның  жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітаптарының электронды  нұсқалары, Жайық өңірінен осы басылымдарға енген жерлер туралы материалдар, 1965-2017 жылдар аралығындағы кітапхана қорындағы ақын-жазушылардың авторлық қолтаңбаларымен ұсынған әдебиеттер қойылған. Ең алғаш боп Теректі ауданына ат басын бұрған көрме облысымыздың басқа аудандарында да болады екен. Ол жөнінде кітапхана директоры Шолпан Оразаева мәлімдеді.

Одан соң шараға жиналғандар медиация кабинетінің ашылу салтанатының куәгері болды. Кәсіби медиатор Зәуреш Шатикованың айтуынша, бұл орын татулықтың ордасы болады деп күтілуде. Аудан басшылығы мұрындық болып ашылған кабинет халықты қабылдауға әзір.

«Медиатор – бейбітшілік пен келісімнің кепілі» атты дөңгелек үстелге жиылғандардың дені ауыл ақсақалдары, жастар, кәсіби және кәсіби емес медиаторлар болды. Жиынды аудан әкімі Кәрім Жақыпов ашып, қонақтарды таныстырды. Дөңгелек үстел басында БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов сөз сөйлеп, медиацияның басымдықтарын жіпке тізді.

-Қазақстан халқы Асссамблеясының ХХV-ші сессиясында Елбасы Н.Назарбаев елімізде медиация қызметін дамытуды тапсырған еді. Осы бағытта облыстық сот,  облыстық ішкі істер департаменті,  облыстық денсаулық сақтау басқармасы,  облыстық білім беру басқармасы секілді органдармен түрлі бағытта меморандумдар жасалды.  Облыс бойынша 255 медиатор бар. Олардың 48-і кәсіби, 207-сі кәсіби емес медиаторлар. Медиаторлардың көмегімен өткен жылдың өзінде 2950  іс қаралған. Бүгінгі таңда көптеген мәселелерді сотқа жүгінбей-ақ, медиацияның көмегімен шешуге мүмкіндік бар. Аталмыш қызметті дамыту, медиация ұғымын қарапайым халыққа жеткізуде қарқынды жұмыстар жүзеге асып жатыр. Соның бір көрінісі – Теректі ауданында медиация кабинетінің ашылуы. Бұл облыс, аудан бойынша медиацияның дамуына үлкен серпіліс береді деп ойлаймын. Аталмыш шара Алғыс айту күніне орайластырылғаны да құптарлық нәрсе, - деді өз сөзінде Ғайса Хамидоллаұлы.

Кезек баяндамашыларға берілді. Облыстық қоғамдық келісім мекемесінің бөлім басшысы А.Рахишева «Медиация түсініктері» тақырыбында, құқықтық қатынастар институтының директоры, заң ғылымдарының кандидаты, доцент, кәсіби медиатор Б.Кеңесарықызы «ҚР-да медиация институтының дамуы» тақырыбында, халықаралық құқық қорғау  орталығының меңгерушісі, кәсіби медиатор М.Жанбозова «Медиация: тәжірибелер, ұсыныстар» тақырыбында, Подстепный ауылының кәсіби медиаторы З.Шатикова «Тату болайық көршімен» тақырыбында баяндамаларын оқыды.

Одан кейін аудан әкімі К.Жақыпов медиаторлардың белсенді мүшелерін Алғыс хаттармен марапаттады. Шара Подстепный ауылдық Мәдениет үйі өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасты.

Әділет ОРЫНБАСАРОВ

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале