2.10.2018, 9:14
Оқылды: 60

Теректіде 1391 бизнес нысаны жұмыс жасайды

 Теректі ауданына жұмыс сапарымен облыс әкімінің орынбасары Миржан Сатқанов және облыстық ұйымдар басшылары келіп, кәсіпкерлік пен индустриялдық-инновациялық даму жөнінде жиын өткізді.

IMG_0068

Алдымен Миржан Мұнайдарұлы кәсіпкерлік бағытында жұмыс жасап жатқан бірқатар нысандарды аралады. Өңірімізге белгілі кәсіпкер Сержан Идиятов аудан орталығында құрылысы жүріп жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешені жөнінде облыс әкімінің орынбасарын құлақтандырды. Бір кешенде монша, бассейн, пиццерия секілді халыққа қажетті орындар бар. Кешен жұмысы 2019 жылы аяқталады.

Одан кейін облыстан келген жұмыс тобы «Deslet» тойханасы және «Шыңғыс» мини-кафесінің бүгінгі тынысымен танысты. Аталып өткен барлық нысандар мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен іргетасы қаланып, тұрғындарға өз қызметтерін ұсынуда.

Аудан әкімінің орынбасары Л.Уалиев төрағалық еткен жиынға округ әкімдері, бөлім басшылары, ауданымыздың кәсіпкерлері мен шаруа қожалық жетекшілері жиналды.

Ауданымыз бойынша 1605 орта және шағын бизнес нысандары тіркелген. Оның ішінде белсенді жұмыс жасайтындардың саны – 1391. Олар 4681 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл жөнінде аудандық кәсіпкерлік бөлімнің басшысы Р.Ихсанов мәлімдеді. Кездесуге келген кәсіпкерлер мен шаруа қожалық өкілдері өздері мазалаған сауалдарын қойып, білікті мамандардан тұшымды жауап ала білді.

Жиында көтерілген басты мәселе – жерді тиімді игеру яки жер рәсімдеу бағытындағы құжаттардың көптігі. Сонымен бірге, қожалық иелері мыңдаған гектар жерді иемденіп, қарапайым халық малды өріске жіберер орын таба алмай отырғандығы да сөз болды. Аудан орталығы тұрғындарын мазалайтын тағы  бір мәселе – қалаға жүретін автобустардың жоқтығы. Федоров ауылының халқы таксидің қызметіне жүгініп,  шығынға батуда. Ал осы кәсіпті қолға алуға ниеттеніп отырған кәсіпкер С.Идиятов әкімдік тарапынан қолдау болса екен дейді.

Барлық сауалдар мен өтініштер облыс деңгейінде қаралады. Елбасы Н.Назарбаев жүктеген басым міндеттердің бірі – әр саланы цифрландыру. Тіпті қоғамдық өмірде де адам үйде отырып барар бағытына билетке тапсырыс беріп, қала берді өріске кеткен малдың қай жерде екендігін біліп отырар техникалармен жұмыстануды қолға мықтап алған жөн. Саланың барлық жағын цифрландыру арқылы біз жетістікке қадам басамыз. Кәсіпкерлер осы жағын назардан тыс қалдырмаса екен. Игерілмей отырған жерді үкімет өзіне қайтарып, жұмыс жасаймыз деген шаруаларға беруді жалғастырады. Ал Теректі ауданының кәсіпкерлік саласындағы жұмыстар қатты қуантады. Алға ілгерілеу байқалады. Облыс орталығына қатынайтын автобус мәселесі жуық арада шешіледі. Оны облыстық деңгейде қарастырып, аудандық әкімдікпен бірге жұмыстанатын боламыз. Автобус жүргесін сапалы жол да болу керек. Айта кететін бір жайт, үш-төрт жылдан соң Теректі ауданында жолға қатысты мәселе мүлдем болмайды, - деді жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Миржан Сатқанов.

Әділет ОРЫНБАСАРОВ,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

IMG_0019

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале