25.07.2018, 10:11
Оқылды: 145

Теректіде «Ақ бата» сайысы өтті

Terekta bataТеректі аудандық Достық үйінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Бірлік» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен алғаш рет «Ақ бата» атты сайыс өтті.


Қазақ фольклорының дербес, шағын жанры – бата беруден сайысуға ауданның түкпір-түкпірінен ақ сақалды аталар мен ақ жаулықты әжелер келіп, бақ сынады.

Байқау шарты бойынша, 14 үміткерден еркін тақырыпта бата беру талап етілді.

Terekta bata (1)Сайыс қорытындысы бойынша, алғабастық Орын Шаудирова ІІІ орынды иеленсе, Покатилов ауылының тұрғыны, аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі Ерғали Бекетов ІІ орынды қанжығасына байлады. Жүлделі І орын Ақжайықтың көпті көрген ақсақалы Сатхан Ахметжановқа бұйырды. Қалған қатысушылар алғыс хатпен марапатталды.

«Қысылғанда қуат, қиналғанда медет беріп, әрбір іс-әрекетіңе даңғыл жол ашып, бәле-жаладан қорғайды деп есептелген бата қазақ халқы үшін аса маңызды. Бір өкініштісі, қазіргі таңда бата мен тілекті ажырата алмай қалдық. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін, өскелең ұрпаққа батаның қадірін түсіндіру үшін аталмыш шараны ұйымдастырдық. Алдағы уақытта сайыстың ауқымын кеңейтіп, облыстық деңгейде өткізуді жоспарлап отырмыз», - дейді «Бірлік» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бағдат Адайхан.

Terekta bata (2)Сайысқа аудандық мешіттің бас имамы Е.Ебелекқажиев, ҚМДБ Батыс Қазақстан облысы бойынша өкілдігінің наиб имамы М.Абдрахманов және «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» дінтанушы маманы А.Абдрашит төрелік етті.

Аягөз АЙБАРҚЫЗЫ

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале