23.05.2018, 14:17
Оқылды: 29

Теректіде әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі талқыланды

IMG_0091Елбасы биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауының«Адами капитал – жаңғырудың негізі» бөлімінде «Денсаулық сақтау саласы халықтың, мемлекеттің және жұмыс берушінің ортақ жауапкершілігіне негізделген Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне кезең-кезеңімен көшетін болады»  деп тапсырған болатын.

Тапсырма берілсімен медициналық сақтандыру жүйесіне көшу жұмыстары басталып кетті. Ол үшін әр қазақстандықтың мәртебесін, қайда тұратынын анықтау керек. Бұл  үлкен жұмыс тиянақталып,үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан енгізілуі тиіс еді. Бірақ, нақтылау шаралары бәсең жүруі салдарынан, МӘМС енгізілу кейінге қалды.

Бүгін Теректі аудандық әкімдігінде өткен жиналыс осы мәселеге арналды. Күн тәртібінде биресми жұмыспен қамтылған халықты заңдастыру, ел экономикасына және тиісінше МӘМС жүйесіне тарту жөніндегі 2018-2019 жылдарға арналған жол картасының орындалуы қаралған жиналысқа облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қалияр Айтмұханбетов келді. Сонымен қатар ауылдық округ әкімдері, бөлім, мекеме басшылары және тиісті сала қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралы өкілдері  қатысты. Жиынды аудан әкімі Кәрім Жақыпов  ашып, аудан әкімінің орынбасары Алтай Тоқжанов аудан аумағында МӘМС қатынасты атқарылып жатқан шаралар жайын баяндады. Баяндамашыдан соң сөз алған Бибігүл Тишанқызы күн тәртібіндегі мәселе бойынша істелген істерді сараптап, кемшіліктер мен олқы жерлерді атап көрсетті. Осы жерде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуде туындап отырған сұрақтарын ашық айтқан мекеме-кәсіпорын басшылары тұшымды жауап алды.  Өз кезегінде Қалияр Шадиярұлы да келісім-шартсыз, биресми жұмыс жасап жүргендерге олар науқастанса емделуге өз қалтасынан қаржы шығаруы керек болатынын айтып,  түсінік жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

МӘМС - Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі - Қазақстанның барлық сақтандырылған азаматтарына медициналық және дәрілік көмекке тең қолжетімділік жасауға кепілдік береді. Бұл жүйе жөнінде аз жазылып жүрген жоқ. Біздің газет бетінде де аудандық денсаулық сақтау мамандары, әлеуметтік қорғау қызметкерлері түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Әттеген-айы – әр адам үшін қажетті істің маңыздылығын жерлестеріміз түсінсе ғой.

Камелия ӨТЕУ

Теректі ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале