13.12.2017, 15:16
Оқылды: 36

Теректіде ауыл кітапханаларының фестивалі өтті

Теректі ауданында «Ауыл кітапханаларының фестивалі» облыстық жобасы өтті.  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген «Туған жер» бағдарламасын кеңінен насихаттау – шараның басты мақсаты.

Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен ағымдағы жылдың шілде айында аталмыш жоба Қаратөбе ауданында бастауын алған еді. Осы аралықта фестиваль Зеленов, Сырым, Шыңғырлау және Бөрлі аудандарында өтіп, Теректі жеріне де келді.

Шараның ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Алтай Тоқжанов және Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы директорының орынбасары Нұрлыгүл Аяпқызы сөз сөйлеп, маңызды жобаның мәні мен сәні қатар жарасуын тіледі.

Одан кейін ауылдық кітапханасының меңгерушілері өз жұмыстарымен таныстырды. Мәдениет үйінің залында аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі З.Сапарова «Ғажайып сандық» және «Подари голос книге» атты кітапханалық жобаларын назарға ұсынса, аудандық кітапхананың қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Н.Ковалько «Край родной, на век любимый» атты жобасы туралы айтып өтті. Сонымен қатар, Ақжайық ауылдық модельді кітапханасының қызметкерлері М.Шахановтың «Тасада өскен гүл»  әніне арнап жазылған бір актлі пьесасын сахналап, кітапханашылардың сан қырлы екендіктерін дәлелдеді. Долин ауылдық кітапханасының меңгерушісі И.Тналиева дайындаған «Жас қаламнан шыққан үн» атты кітапханалық жобасы аясында жас ақындар өз  өлеңдерін оқыса, Богданов ауылдық кітапханасының кітапханашысы  А.Сағатова, Ақжайық ауылдық модельді  кітапханасының кітапханашыларынан құрылған дуэт шараны әнмен көмкерді.

Шара  соңында аудандық  орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры М.Лукманова фестиваль символын Бөкей Орда аудандық кітапханасының директоры Д.Сдықоваға табыстады.

Әділет ОРЫНБАСАРОВ

Теректі ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале