22.02.2019, 17:56
Оқылды: 16

Теректіде кәсіпкерлер кеңесі өтті

Терекі ауданы әкімі Әділ Жоламанов жиынға қатысқан әр кәсіпкердің пікірін тыңдады.

 IMG_0007

         Теректі ауданының кәсіпкерлері бас қосқан кеңесте аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Руслан Ихсанов «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы жөнінде баяндады. БҚО кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Саид Садаров аукционмен сатылып жатқан бос жер телімдерін жеке шаруашылықтары бар жандардың ғана алуға құқығы барын айтты.

         «Бақыт» шаруа қожалығының басшысы Аманғали Бөкенбаев Аңқаты ауылдық округіне қарасты Қандық ауылындағы жабылғалы бос тұрған мектепті тұрғындардың кәдесіне жаратқысы келетінін жеткізді.

         -Қандықтың кішкентай ауыл екенін білесіздер. 120 тұрғыны бар. Жұмыссыз жүргендерді жұмыспен қамту үшін мектеп ғимаратын жалға алғым келеді. Кейбіреулер қой қырқып болған соң, жүнін лақтырып тастайды. Мұндай ысырапқа жол бермей, көрпе тігетін шағын тігін цехын ашсақ, жақсы болушы еді. Соған сіздерден қолдау күтемін, - деді Аманғали Бақытұлы.

         Бұл ұсынысты «Тұмар» ШҚ басшысы Руслан Лұқпанов қолдап, ауылдағы келіндердің құрт қайнатып, облыс орталығы Орал, қала берді Атырау мен Ақтауға сатып, нәпақаларын тауып жатқанын айтты. Нәзік жанды болса да пысық кәсіпкер «Лунара» ЖК басшысы Лунара Аязбаева Ақсуат ауылына шағын супермаркет, туристерге демалатын орын және монша салуды жоспарлап жүргенін айтты. Бұл ойын қолдайтын тағы екі кәсіпкер бар екен. Бірінші кезекте қаржы мәселесін шешіп алуды жөн көрген Лунара Сабырғалиқызы бәрі реттелгенде жобасын тиянақты дайындап, іске кірісетінін мәлімдеді.

Ауыл шаруашылығы кооперативін құрып, сүт өнімдерін өндіріп отырған покатиловтық «Қарлығаш» шаруа қожалығының басшысы Қарлығаш Сералиева салық жөнінде сұрақтарын қойса, «Алтын дала» шаруа қожалығының басшысы Нұрлан Мадиев егін мен мал шаруашылығын қатар алып жүру керектігін атап өтті. Кәсіпкерлерді толғандырған сұрақтарға бөлім басшылары жауап берді.

         Әділ Тауфиқұлы Теректіге келіп демалушыларға жағдай жасау қажеттігін айтып, жиынды қорытындылады.

IMG_0016 IMG_0020 IMG_0037

Аягөз Айтқалиева,

Теректі ауданы

© zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram парақшамыздан және Telegram каналымыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале