26.09.2018, 13:41
Оқылды: 347

Теректіде Марабай жыраудың мүсіні қойылды

      Бүгін Теректі аудандық Мәдениет үйі алаңында Теректі ауданда дүниеге келген, жасынан өлең-жырға құмар болып, ақындық, жырау өнеріне машықтанған, атақты Шернияз ақыннан үлгі алған, Жұмырбай, Көкейқыз, Базар, Қашаған, Сүгір ақындармен айтысқан, эпостық шығармаларды кең насихаттаушылардың бірі, қазақтың атақты жырауы Марабай Құлжабайұлының туғанына 177 жыл толуына орай мүсіні ашылды.

IMG_0031

    Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске асқан игі шараға аудан әкімі Кәрім Жақыпов, өлкетанушы, профессор Жайсаң Ақбаев, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет саласының үздігі Айтқали Нәріков, облыстық жастар шығармашылық орталығының жетекшісі Мәулет Жұбатов, бөлім басшылары мен аудан тұрғындары қатысты.

            -Бүгін - ауданның мәдени өмірінде ерекше есте қалар тарихи күн. Өскелең ұрпаққа өз өлкесінің әдеби байлығы мен бай мұрасын насихаттау, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу мақсатында ұлы тұлға - Марабай Құлжабайұлы мүсінінің ашылуына жиылып отырмыз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сай еліміздің барлық аймағында жергілікті тарихи тұлғалардың шығармаларын жаңғырту, халықтың ортақ игілігіне айналдыру үрдісі басталғаны баршаңызға мәлім. Осы орайда жерлесіміз Марабай жыраудың әдебиетімізге қосқан үлесін дәріптеп, бүгінгі жас ұрпақтың зердесіне жеткізуді борышымыз деп санаймыз. Оның шығармалары мәңгілік рухани мұра болып қала бермек, - деді аудан әкімі Кәрім Кәрімоллаұлы.

     Өлкетанушы, профессор Жайсаң Досболатұлы мен ақын Айтқали Нұрышқалиұлы қазақ әдебиетінен ойып тұрып орын алған атақты жыраудың мүсінін ашу құрметіне ие болды. Аудан тұрғындарымен бірге Марабай жыраудың басына гүл шоқтарын қойған облыстан келген қонақтар дана да дара, ұлы ақын Абай Құнанбаевтың Марабай жыраудан үлгі алғанын, «Марабайдан артық ақынды мен білген емеспін» деп жоғары бағалағанын айтып, жырларынан сыр шертті.

    Салтанатты шара мәдениет үйінің концерт залында жалғасын тапты. Әнші, термеші, халықаралық, республикалық жыршылар байқауының бас жүлдегері Фархат Оразов рухани мұрамыз - «Қарасай батыр» және «Қази» жырларын орындап, көрерменнің қошеметіне бөленді.

Аягөз АЙТҚАЛИЕВА,

Теректі ауданы

IMG_0024 IMG_0035 IMG_0038 IMG_0044 IMG_0062 m

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале