25.05.2020, 18:16
Оқылды: 203

Теректіде онлайн режимде соңғы қоңырау соғылды

Биылғы оқу жылы ерекшелігімен есте қалды. Әлемді дүрліктірген COVID-19 індетіне байланысты еліміздегі барлық мектептер төртінші тоқсанды қашықтан оқыды. Тіпті, соңғы қоңырауда да ұстаздар, оқушылар, ата-аналар бірін-бірі қашықтан құттықтады.

Теректі ауданында да соңғы қоңырау онлайн режимде өтті. Ең алдымен, теректіліктер ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың оқу жылының аяқталуымен құттықтауын телеарнадан тамашалады.

34D7CADA-3962-49F5-BA99-EDAA6622F3F2

Содан соң аудан әкімі Әділ Жоламанов та шәкірттерге жылы лебізін арнап, 2019-2020 оқу жылының жетістіктеріне тоқталып өтті.

Зейнеткер ұстаз, Ақжайық ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Ғазиза Рахметова, өмірінің 33 жылын ұстаздық қызметке арнаған Күлжиған Алимова мен 42 жыл бойы бастауыш сынып оқушыларын білім нәрімен сусындандырған Роза Капешова түлектерге ақжарма тілегін арнады. Былтыр ғана алтын ұяларымен қоштасқан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 1-курс студенттері: Бектас Максимов пен Әсем Кенжебаева замандастарына білім сынағы ҰБТ-дан сүрінбей өтулерін тіледі.

Теректі аудандық лингвистикалық гимназиясының қамқоршылық кеңес төрайымы Гүлмира Төлегенова мен аудандық білім беру бөлімінің басшысы Жанаргүл Хусаинова пандемия жағдайында балалардың қашықтан оқуына немқұрайлы қарамаған ұстаздар мен ата-аналарға алғыс айтты.

E5B28463-2D89-402B-B6A2-C5BBFDD6D9ED

Соңғы қоңыраудың құрметіне саз мектебінің шәкірттері онлайн концерт беріп, жерлестерінің көңілін көтерді. Барлық білім беру ұйымдарында онлайн тәрбие сағаттары өтіп, оқушылардың жетістіктері сараланды. Ұстаздар қауымы ата-аналарды жазғы демалыс кезіндегі оқушылардың қауіпсіздігін қадағалау мақсатында дайындалған жадынамалармен таныстырды.

Биылғы оқу жылында ауданымызда 303 оқушы мектебімен қоштасады. Оның 266-сы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш білдірген. «Алтын белгіге» - 36, «Ерекше аттестатқа» - 21 шәкірт үміткер.

Аягөз Айтқалиева,

Теректі ауданы

 zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале