15.09.2017, 17:17
Оқылды: 35

Теректіде Алаштың 100 жылдығына арналған айтыс өтті

Теректі ауданында дәстүрлі түрде жылма-жыл айтыс өткізу - халық қолдаған үрдіске айналып келеді. Биылғы жылғы аламан Алаш үкіметінің 100 жылдығына арналды. Дүбірі әлі құлақта жаңғырып тұрған сөз барымтасын аудандық мәдени-демалыс орталығы ұйымдастырып, аудан әкімдігі қолдау білдірді.


Айтыс 18 ақынның басын қосып, 9 жұп болып сөз додасына түсті. Облыс жүйріктеріне Шолпан Қыдырниязова, Дариға Мұштанова, Жансая Мусина, Бауыржан Халиолла секілді елімізге танымал айтыс ақындарымен қоса, аудандық мәслихат хатшысы Әлжан Нұрғалиев қазылық етті.

Алдымен, жаңақалалық Орынбек Меңдіқұлов пен сырымдық Айжан Амангельдина қыз бен жігіт айтысының керемет үлгісін көрсетсе, Ақжайық ауданының арланы Айнабек Бисенғалиев пен айтыстың ең жас қатысушысы қаратөбелік Райымбек Өтепов аға мен іні арасындағы сыйластықтың қандай боларын қалың  көпшіліктің назарына ұсынды. Керісінше, Бөрлі ауданының ақыны Айнагүл Каримова мен Казталовтың өрені Естеміс Мұхамбетовтің сөз шарпысы шикілеу болғанынын айта кеткен жөн. Ауданымызда өткен алғашқы айтыста жеңімпаз атанған сырымның сүлейі Бауыржан Ширмединұлы мен ақжайықтық Әсет Бисенғалиев ойдағыдай көсіле алмағаны тағы жасырын емес. Ақжайық ауданының тағы бір ақыны Дәурен Салимов пен жәнібектік Абзал Бисенғалиев, сырымдық Мақсат Тұяқ пен ақжайықтық Абылайхан Мақсотов, Бөрлі ауданының ақыны Жарқынбек Шынтаев пен сырымдық Абзал Каримолла арасындағы тартыс та халық пен қазылар алқасы күткендей болмады. Тақырыптан ауытқу, қарсыластың жеке басына тиісушіліктің шамадан тыс болуы және дайындықтың кемшін тартқаны көзге ұрынып тұрды. Оны жасырып қала алмаймыз.

Ал теректілік Эльдар Ихсанов пен Маңғыстау облысының намысын қорғаған Алшынбек Мұқанғалиев арасындағы айтыс жиылған көрерменді серпілтіп тастады. Әсіресе, Алшынбектің шабысы, қағытпа қалжыңдары, Эльдар ақынның сауатты сөз саптауы –айтыстың сәні болды. Ең үздік жұп деп осы екі ақынды қымсынбай айтуға болады-ақ. Жерлестерінің қошеметінен шабыт алған Эльдар:

-Қонақты қойдан жуас деп отырсам,
Тентек болып шықты ғой текеден де,- деген сәтте Алшынбек ақын
-Жұрт түгел күйеуін де сөйлетпейді,
Төркінінде отырған кәрі келін,- деп  керемет жауап бере білді.  Айтыстың соңғы жұбы атанған жаңақалалық Азамат Базарбаев пен атақты Айбек Қалиевтің шәкірті, ақжайықтық Бекболат Қаленовтің де өнерлері айтыс деп емеренген елге ұнады. Осы жұп аудан көлеміндегі қордаланған мәселелерді, оның арасында мұражайдың жоқтығы, Федоров қазақ мектебінің бүгінгі хәлін, тіпті күні кеше ғана қолды болған телефон сымдарын да жырға әдемі қоса білді.

Сонымен айтыс өз мәресіне жеткендей еді. Қазылар алқасы шешім шығарамыз деп кеткенде, әнші-термеші, республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы, Ғ.Құрманғалиев атындағы республикалық әншілер байқауының Бас жүлдегері, облыс мақтанышы Армат Исламғалиевтің дауысы сахнаны жаңғыртты. Халық термесі «Желдірмеден» бастап, қазақ ән әлемінің жауһарларын бірінен соң бірін әуелеткен Армат, дәстүрлі әнге шөлдеп қалған халықтың айызын бір  қандырды.

Көптен күткен қорытынды да шықты. Жиылған тыңдарман айтыстың екінші айналымы болады-ау деп күткені ақиқат. Себебі, жылына бір болатын айтысты теректіліктер асыға күтеді. Дегенмен, қазылар алқасы жұртшылыққа ондай бақытты сезінуді бұйыртпады.

Бұл жолғы айтыстың Бас жүлдесі республика, облыс көлемінде орны бар, Ақжайықтың үкілеген үміті Айнабек Бисенғалиевке бұйырды. Айнабек жеңімпаз болып қана қоймай, Бас жүлдеге тігілген 100 мың теңге ақшалай сыйлықты қоса иемденді. Маңғыстаудан келген көрермен көзайымы Алшынбек Мұқанғалиев І орынды жеңіп алды. Аламанның екінші орыны бөрлілік Жарқынбек Шынтаев пен теректілік Эльдар Ихсановтың еншісінде кетті. Ал, үшінші орынды қаратөбелік жүйрік Райымбек Өтепов, ақжайықтық Бекболат Қаленов, сырымдық Бауыржан Ширмединұлы иеленді.  Теректі төріндегі айтысқа қатысып, жүлдеге іліне алмаған айтыскерлер де ұмыт қалмады. Оларға аудан әкімдігі атынан Алғыс хат  пен 10 мың теңге көлемінде ақшалай сый берілді.

Марапаттау бұнымен түгесілмеді. Аудандық мәслихат хатшысы Ә.Нұрғалиев барша айтыскерлерге алғыс білдіріп, аудан намысын қорғаған Эльдар Ихсановқа аудан әкімдігі атынан су жаңа домбыра табыстады.

Көптен күткен аламан айтыс осылайша түйінделді.  Осы орайда Ақжайық ауданының ақыны Бекболат Қаленовтің жыр жолдарына назар аударсақ.

Аумаса ақын тілі алдаспаннан,

Қашпаймыз жыр айтудан, ән бастаудан.

Жайықтай ағыл-тегіл өлең ақсын,

Бастауын алып бүгін Барбастаудан.

Ұлыларды ұлықтап алған дұрыс,

Кімдердің де басынан аумас жалған.

Ассалаумағалейкум, Теректі елі,

Жақсы бір орайлы істі жамбасқа алған,

Себебі,  бүгінгі күн дәл өзіңнен,

Жыр керуен, сөз көшіне жол басталған.

Аудандардың ішінде сен ғанасың,

Алаш деп айтыс берген алғашқы аудан!

Ақыннан артық не айта аламыз?! Теректі ауданы бастаған оң іс өзге аудандарға да жұғысты болғай дейміз. Бастысы, айтысымыздың өмірі ұзақ болсын!

Әділет ОРЫНБАСАРОВ

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале