25.09.2017, 15:01
Оқылды: 22

Теректіде палуандар жарысы өтті

Теректі аудандық дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде грек-римнен БҚО-ның бірнеше дүркін жеңімпазы Нұрмұхан Джаназаровты еске алуға арналған ашық облыстық турнирі өтті.

Жарыс мақсаты - жас палуандардың спорттық шеберлігін шындау. Додаға Ақтөбе, Атырау облыстарының командалары, Орал қаласы, Қазталов, Зеленов, Шыңғырлау және Теректі ауданының жауырындары жерге тимеген жас жүйріктері қатысқан болатын.

Турнирдің ашылу салтанатында спорт ардагері А.Хабибуллин және БҚО-на белгілі жаттықтырушы Н.Қайрманов сөз алып, палуандарға сәттілік тіледі. Ашық облыстық турнирдің бас төрешісі Б.Қазиев болды. Аудан орталығында жыл сайын өткізілетін жарыста 2004-2006 жылы дүниеге келген балғындар грек-рим күресінен жекпе-жекке түсіп, кім мықтыны анықтайтын болады. Биылғы турнирде 170-ке жуық жасөспірім бақ сынады. Тұтас бір күнге созылған бәскеде 10 салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар анықталды. Айта кетсек, 26 кг салмақ дәрежесі бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі А.Әміржанов жеңімпаз атанса, 29 кг салмақ дәрежесінде ақтөбелік Ж.Әбубәкірге тең келер ешкім болмады. Сонымен бірге 32 кг салмақта облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің намысын қорғаған О.Ахон мықтылардың мықтысы атанса, 35 кг салмақта Зеленов ауданының үмітін арқалаған А.Сағидуллин, 38 келі салмақта облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі Н.Айдаулет, 42 кг салмақта шыңғырлаулық М.Көбейсін тұғырдың ең биік сатысына көтерілді. Ал 46 кг салмақ дәрежесінде ауданымыздың бәсі бөлек болды. Бұл салмақта С.Ершеев жеңімпаз атанып, абыройымызды арттырды. 50 кг салмақта №4 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жас палуаны Н.Ельшин, 54 кг салмақ дәрежесінде Зеленов ауданы атынан келген А.Сталь, 60 кг салмақта облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің палуаны А.Қадер турнирдің жеңімпаздары боп танылды.

Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге грек-римнен БҚО-ның бірнеше дүркін жеңімпазы Нұрмұхан Джаназаровтың әкесі Абат Джаназаров Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті.

Әділет ОРЫНБАСАРОВ

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале