12.08.2020, 17:53
Оқылды: 75

Теректіде провизорлық және жұқпалы ауру бөлімшелері жабылды

Елдегі коронавирусқа қатысты ахуалдың тұрақталуына байланысты Теректі ауданының Федоров ауылындағы орталық аудандық аурухана жанындағы провизорлық бөлімше мен Ақжайық ауылындағы екінші аурухана жанындағы жұқпалы аурулар бөлімшесі жұмысын тоқтатты.

81763BAE-C201-47F7-B039-4CECB0B81748

Толығырақ айтар болсақ Теректі аудандық орталық ауруханасы жанынан 8 шілде күні сегіз төсекке арналған провизорлық бөлімше ашылған болатын. Аталмыш бөлімшеден күні бүгінге дейін 29 науқас толықтай емделіп шықты.

Ақжайық ауылында орналасқан екінші аудандық аурухана жанынан да  3 шілде күні жұқпалы аурулар бөлімшесі ашылған болатын. Жиырма адамға арналған бұл бөлімшеден 32 науқас толық сауығып шықты. Бүгінде ауру деңгейінің төмендеп, жағдай тұрақталуына байланысты Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен екі бөлімшенің де жұмысы тоқтатылды. Қиын-қыстау кезеңде қос ауруханаға да жан-жақты қолдау білдіріп, демеушілік танытқан жандарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

«Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, ауру тағы ушығып, науқас саны артар болса, бөлімшелер қайтадан іске қосылып, жұмысын жалғастыруға дайын күйінде сақталады. Ковид-19 дертінің алдын алуға жұмсалатын дәрі-дәрмекке де тапсырыс беріліп, дәрігерлер де дайын отыр.

Әділет Әлібек,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале