26.04.2019, 18:04
Оқылды: 101

Теректіде жас ақындар клубы ашылды

Теректі ауданында тұңғыш рет «Ғазал» жас ақындар клубы ашылып, салтанатты шара әдеби кешпен жалғасты.

IMG_0474

         Марабай бен Хамза Есенжанов, Әбубәкір Кердері мен Ақұштап ақындардың мекеніне айналып, жырына арқау болған ауданда жас таланттар қаулап өсіп келеді. Тек оларды іздеп табу керек. Аудандық «Теректі жаңалығы-Теректинская новь» қоғамдық-саяси газеті жас ақындар клубын ашу керектігі жөнінде ұсыныс айтқан кезде бұл бастамаға сенбеушілер көп болды. Алайда, қолдайтындар да табылды. Солардың бірі – аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы. Орталық басшысы Нұрсәуле Аткеева әр ауылдық округтегі мектептерде кездесулер ұйымдастырып, жас ақындардың басын біріктіруге тырысты.

         Жас ақындарды қолдауға аудан әкімі Әділ Жоламанов арнайы келді. Ауданға келген құрметті қонақтардың қатарында айтыскер ақын, ұстаз, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Дариға Мұштанова, ақын, Ақжайық ауданындағы «Муза» шығармашыл оқырмандар отауының жетекшісі Сағынтай Бисенғалиев, ақын, Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры Қуаныш Амандықов, осы қара шаңырақтың актрисасы, режиссері, жастар жанашыры Нұргүл Жұбатова және облыстық халық шығармашылық орталығының директоры Мәулет Жұбатов бар.

IMG_0445

         - «Ғазал» – аудан жастарының бірлесе шығармашылықпен айналысуына үлкен септігін тигізеді деп ойлаймын. Теректіде талантты жастар өте көп. Оларға әрдайым қолдау көрсетуіміз қажет. Жас ақындар клубы ашылып қана қоймай, жүйелі түрде жұмыс істейді. Жастар жылында теректіліктер үшін бұл жағымды жаңалық. Ауданымыз Ақжайықтың ақ шағаласы атанған Ақұштап Бақтыгерееваның облыстық оқуларын жоғары деңгейде өткізіп, енді міне сол ақын апамыздың жолын жалғар жас ақындардың қадамына сәттілік тілеу үшін жиналып отырмыз. Қадамдарың оң болсын, жас таланттар,-деді өз сөзінде аудан әкімі Әділ Тауфиқұлы.

IMG_0384

         Өлең жазуға икемі бар жастарға құрметті қонақтарымыз өз тілектерін жолдап, кеуделеріне клубтың төсбелгісін тақты. Аңқаты мектебінің жас маманы Жанболат Қартмағамбетов және осы білім ордасының оқушысы Шұғыла Батырғалиева, Федоров қазақ мектебінің оқушылары Гүлдана Жалитова, Ридан Оразғалиев, Покатилов мектебінің мұғалімі Бағдат Сыдықов, аталмыш мектептің оқушысы Сымбат Игизғали, Ақжайық ауылдық округі әкімдігінің маманы Айбек Әбілқалым, Ақжайық мектебінің оқушысы Айбар Қойшығалиев, «Үміт» лингвисткалық гимназиясының оқушысы Балсұлу Мәдениетова, Подстепный қазақ мектебінің оқушысы Дильяра Нұрғожа, Шағатай ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы метептің оқушысы Аршат Сейтонов, «Теректі жаңалығы-Теректинская новь» қоғамдық-саяси газетінің жауапты хатшысы Әділет Әлібекұлы және облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының маманы, Үлкен Еңбек ауылының тумасы Дәурен Шамұратов «Ғазал» жас ақындар клубының қатарына салтанатты түрде қабылданды.

         Салтантты шара әдеби кешке ұласты. Клуб мүшелері өз өлеңдерін оқып, көрермен қошеметіне бөленді. Әдеби кешке арнайы келген қонақ, жас ақын, Жаһанша Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледж студенті, «Мұқағали мұрагері» төсбелгісінің иегері Ақтілек Әлібекұлы замандастарына тілегін өз өлеңімен жеткізсе, Таңат Жексенбаев, Ермахан Орынбасаров, Шұғыла Амангелді, Аңсағаным Сапарова әсем әннен шашу шашты.

         Енді Теректіде жас ақындардың басын қосар «Ғазал» клубы бар. Мағжан сенген «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты» жастарға біз де сенеміз.

Әділет Орынбасаров,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале