7.02.2019, 12:40
Оқылды: 64

Теректіде Жастар жылының ашылу салтанаты өтті

Теректі аудандық мәдениет үйінде аудандық ішкі саясат бөлімі және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың ұйымдастыруымен «Жалынды жастар – ел тірегі» атты шара өтті.

IMG_0012

         Аудандық Жастар жылының ашылу салтанатына аудан әкімі Әділ Жоламанов және оның орынбасарлары, ауылдық округ әкімдері,бөлім басшылары, жас мемлекеттік қызметкерлер, «Дипломмен - ауылға» бағдарламасының қатысушылары, жас кәсіпкерлер мен белсенді жастар қатысты.

         Теректілік жас буынның басы қосылған жиында «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында үй алып, қызмет етіп жатқан Федоров қазақ мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мирас Абуғалиев, республикадағы Жастар жылының ашылу салтанатына БҚО жастарының атынан қатысқан «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің БҚО филиалы төрағасы Шафхат Жұмалиев, Ресейдің төтенше жағдайлар министрлігі мемлекеттік өртке қарсы қызметі академиясының 4 курс курсанты Әлішер Мукатов, «Жүрегі кең жастар» еріктілер қозғалысының ұйымдастырушысы Тоқжан Мерғалиева, «Жас project» жобасының БҚО бойынша төрағасы Оралбек Жандауов, «Теректі жаңалығы – Теректинская новь» газетінің жауапты хатшысы, жас ақын Әділет Орынбасаров қатысып, тың идеяларымен бөлісті.

Басқосуда шетелде, мемлекетіміздің түрлі қалаларында білім алып, еңбек етіп жатқан жастар видеомен сәлем жолдады.

         Шара соңында аудан басшысы сөз сөйлеп, аудан жастарының игілігі үшін атқарылатын жобаларды қолдайтынын жеткізді.

         -Бүгін аудан үшін ерекше күн. Жастар жылының аудандық ашылу салтанатында ортаға шығып, ой-пікірін ашық айтқан жастарымызды көріп, қуанып отырмын. Осы бағыттарыңыздан қайтпай, ел игілігі үшін қызмет етіңіздер. Біз сіздерді әрқашан қолдаймыз. Ауданда жұмыссыз жастардың санын азайту үшін түрлі жұмыс жасалуда. Алдағы уақытта жастар мен жасөспірімдердің уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасамақпыз. Яғни, аудан бойынша 6 округке спорт алаңдарын салып, 5 мектепке IT-сынып ашамыз. Сіздердей жалынды жастарымыз барда жылдың табысты өтетініне сенімдімін, - деді Әділ Тауфиқұлы.

Аягөз Айтқалиева,

Теректі ауданы

© zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале